Солтүстік Қазақстанда 17 сүт фермасы салынады

Солтүстік Қазақстан облысында 17 тауарлы сүт фермасы ашылады, деп хабарлайды 24KZ.

Осыған шетелдерден 10 мыңға жуық бас асылтұқымды ірі қара сатып алынады. Ауыл шаруашылығы саласындағы пилоттық жоба барлық өңірде жүзеге асырылады.

Заманауи тауарлы сүт ферманың бірі Власов ауылында құрылды. Қазір шаруа қожалығында Чехия, Австрия, Германиядан әкелінген 400 бас асылтұқымды сиыр бар. Кәсіпкер мемлекеттің қолдауы арқасында 800 млн теңге несие алып, сүт өндірісін жолға қойған.

Владимир Гердт, шаруа қожалығының басшысы:

- Фермада тәулігіне 6-6,5 тонна сүт өндіріледі. Оны облыс орталығындағы қайта өңдеу зауытына тапсырамыз. Енді өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Қазір тағы 150 сиыр бұзаулайын деп тұр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Қазақстан – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуы керек», – деп агроөнеркәсіп саласында өңделетін өнімнің үлесін 70% жеткізу міндетін қойған. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының сүтті фермалар тәжірибесін ел көлемінде жүзеге асыру үшін Үкіметтен 100 млрд теңге бөлінді.

Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Сол 100 млрд теңгені әрбір өңірге бөліп берді. Соның ішінде бізге 17 млрд теңге берілген. Содан кейін ертең мынау құрылыс бәрі аяқталған соң субсидия бөлінеді оған. Инвестсубсидия бар құрал-жабдыққа, малдың басына.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 106 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Оның әрбір үшіншісі заманауи. Өңірде жылына 700 мың тоннаға жуық өнім өңделеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.