Қостанай облысында егін жинауға жауын кедергі болып тұр
Қостанай облысында биыл егін орағы кешеуілдеп жатыр.
Толассыз жауған жаңбырдан астық піспей, өсімдік аурулары белең алған. Бүгінге дейін ауруға қарсы 820 мың гектар алқап химиялық өңдеуден өтті. Бірақ әзір одан нәтиже көрінбейді, дейді шаруалар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Әдетте облыстың солтүстік аудандарында осы уақытта егін орағы басталатын. Бірақ үсті-үстіне жауған жаңбыр оған мұрша бермей жатыр. Егін алқабы әлі жап-жасыл. Піспеген. Оның үстіне мынандай жапырақтары сарғайып, дәндерін тат баса бастаған. Бұл септариоз және тат ауруларының белгісі.
Болат Қарабаев басқаратын шаруа қожалығының егін алқабы бес мың гектар. Шығымы жаман емес. Кемі гектарынан 15 центнердан түсер деген болжам бар. Алайда шілде,тамыз айларында толассыз жауған жаңбыр екіұдай күйге түсірді. Ылғалдың молдығынан бидай пісіп үлгірмей жатыр. Оның үстіне өсімдік аурулары тарап кетті.
Болат Қарабаев, шаруа:
- Бір қатар ғана улай алдық. Енді биыл үкімет көп ақша беріп жатыр ғой. «Кең дала-2» деген программа бойынша 5 процентке. Бәрі бір қанша арзан берсе де ақшаны бәрі бір қайтару керек қой соның бәрін. Қарызымыз көбейіп кетті биылғы жылға. Бидайымыз түрі жақсы болғанымен, қорқып отырмыз, қалай, қалай жинатады.
Бұл өңірдегі біраз шаруаның басындағы жағдай. Топырағы құнарлы, бонитеті жоғары Ұзынкөл ауданында 315 700 гектарға дәнді-дақылдар себілген. Соның 15-20 процент аумағын өсімдік ауруы жайлаған.
Дмитрий Щербак, Ұзынкөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қарап тексеру нәтижесінде бидай алқабының 215 мың 300 гектары жақсы деп бағаланды. Ауру шалған 37 мың гектар қанағаттанарлық күйде. Ол жерлерде улау жұмыстары жүргізілді. Орташа есеппен гектарынан 20 центнерден артық өнім аламыз ба деп жобалап отырмыз.
Егін орағының қалай өрбейтіндігі ауа-райына байланысты. Қазірдің өзінде он шақты күнге кешеуілдеп жатыр. Мамандар бидайдың сапасы жылдағыдан төмен болады деп отыр.
Кенже Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Көп алқаптардың бізде әлі жасыл, көкшіл болып тұр. Олар кеш пісуі мүмкін. Сол осы себеппен егін науқаны ұзарып кетуге мүмкіндігі бар. Енді сапасына күмән бар. Сапасы нашарлайма деп, өйткені мынау ылғал болғаннан кейін өсімдік ауруларымен солардың әрекетінен астықтың сапасы төмен болуы мүмкін.
Мамандардың болжамынша биыл 4 миллион 900 мың тонна көлемінде астық жиналады. Шамамен гектарынан 11 центнерден алынады деп топшылап отыр. Бұл орташа көрсеткіш.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг