Қазақстанда 1,5 млн-нан аса адам несиесін уақытылы төлей алмай жүр

Бүгіннен бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолданыстағы тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ коллекторлар мен борышкерлер ымыраға келуге міндетті. Жаңа ережеге сай 1 қазаннан бастап коллекторлық ұйымдар қарыз алушымен берешек шарттарын реттеуге тиіс. Ал 2026 жылдың 1 мамырынан бастап коллекторлар сыйақыны борыш сомасынан шығаруға міндеттеледі.

Коллекторлық қызметтің жаңа ережесіне сай агенттік қарыз алушыға міндеттемелерін орындау талаптарын өзгерте алатыны туралы хабарлауға тиіс. Ал борышкер қарызды кейінге қалдыру, төлем мерзімін өзгерту, комиссиялардың күшін жою бойынша ұсыныс айта алады. Басты шарт – коллекторлық ұйым нақты шешімді 15 күнде шығару керек.

Гүлмира Мыхаева, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің басқарма басшысы:

- Өтініште берешектің себептері және оны реттеу нұсқалары, оның ішінде берешекті толық не ішінара кешіру, айыпақының, комиссиялардың күшін жою көрсетіледі. Міндетті түрде жүгіну себептерін растайтын құжаттар қоса берілу керек.

Коллекторлар 2026 жылдың бірінші қазанына дейін банктер және МҚҰ бірге берешекті қайта құрылымдау, сондай-ақ айыпақы мен комиссияларды кешіру арқылы реттеу процедураларын жүргізуге міндетті. Мұндағы мақсат – проблемалық берешек деңгейін және қарыз алушылар санын азайту. Қазір 1,5 млн-нан аса адам несиесін уақытылы төлей алмай жүр. 90 күннен асқан қарыз 1,7 трлн теңгеден асты. Жылдың басында коллекторларға өткен несие сомасы 400 млрд теңгеге жуықтаған.

Әнуар Нұртазин, экономист:

- Халықтың несиеге байлануы қиын, әрине. Көбі тұтынушылық несие. Жаңа заң мәселені қалай шешетінін уақыт көрсетер. Дегенмен қарыз алушы мен қарыз беруші, коллекторлар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге көңіл бөлініп жатыр. Яғни қарыз алушы міндеттемелерін өзі реттеуге құқылы. Қосымша айыпақы, комиссия да үлкен салмақ. Оны алып тастау қарыз алушыға біршама жеңілдік берері сөзсіз. Халықтың несиеге өмір сүруі мемлекет үшін де жақсы көрсеткіш емес.

Егер тараптар ымыраға келе алмаса, борышкер банктік немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы. Айтпақшы, бүгіннен бастап әскерге шақыртылған азаматтар үшін қызметін өтеу кезеңінде және одан кейінгі 60 күнге қарызын шегеру мүмкіндігі бар. Ал 1 қыркүйекте несие алудан ерікті түрде бас тартқан азаматтардың қарызын есептен шығаруға міндетті.

Авторы: Мерей Мұратханқызы, 24 кз