Мұнай-газ саласына қаражат құйған компанияларға жеңілдік берілмек
Елде мұнай-газ саласына қаражат құйған компанияларға біршама жеңілдік берілмек, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі тереңдеу жатқан жерлерді зерттеу жұмыстарын жүргізуге көп қаржы жұмсалады. Қазір салық және инвестициялық заңнама жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодекске және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске кәсіпорындарға жүктемені төмендететін түзетулер енгізілді. Бірақ оларға қойылған талап та бар. Енді бұл саладағы компаниялар қазақстандық үлесті арттыруға тиіс.
Былтыр елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілген. Ал расталған қор 3 млрд тонна шамасында. Жалпы сала қазынаның бүйірін толтырып, қазақстандықтардың едәуір бөлігін жұмыспен қамтыды. Сондықтан Үкімет салық және инвестициялық заңнамаларды жетілдіріп, инвесторлар үшін мұнай-газ саласының тартымдылығын арттыруды көздеп отыр.
Нұрлан Жұмағұлов, сарапшы:
- Жаңа инвесторлар күрделі жобаларға экспорттық баж салығынан босатады және де Қазақстандағы Каспий теңізінде үлкен мұнай бар деп болжанып отырған. Егер сол Қазақстан секторындағы Каспий жобаларына инвестиция құятын болса, егер болашақта мұнай табылып жатса, жергілікті нарыққа 30-50% мұнайын тапсырудан босатылады.
Өз кезегінде бизнеске де бірнеше талап қойылған. Мұнай-газ компаниялары жергілікті қамту үлесін айтарлықтай ұлғайтып, отандық тауар өндірушілерді қолдауы керек. Мұндай маңызды рөл 3 ірі консорциумға, атап айтқанда «Теңізшевройл», Karachaganak Petroleum Operating B.V. және North Caspian Operating Company N.V. компанияларына жүктелген. Олардың сатып алу көлемі саланың 70% құрайды.
Асылбек Жәкиев, «Petrocouncil» Қазақстан мұнай-газ кеңесінің төрағасы:
- Энергетика министрлігі, біріншіден, және «ҚазМұнайГаз» компаниясы үлкен жұмыс қазір шетелдік компаниялармен істеп жатыр. Келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұрын, мысалы, тек қана мұнай сервис компаниясы мердігер компания алып келсе, қазір көптеген қазақстандық компания алып келіп жатыр. Мұнай сервистің 50% үлесі қазақстандық компанияларда.
Сонымен қатар мұнай-газ компанияларының басшылық құрамында қазақстандық кадрлар санын көбейту мәселесі де қолға алынған. Сондықтан тәжірибелі мамандарға жоғары лауазымдағы қызметтерді ұсыну тапсырылды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов.