Шаруаларға субсидия уақытылы төленбей жатыр
Ауыл шаруашылығы саласына қарастырылған субсидия уақытылы төленбей жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Әкімдіктердің шаруалар алдындағы қарызы бірнеше млрд-қа жетті. Сондықтан созбалаңға салмай, төлем жасау керек. Өскеменге жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров осылай деді. Депутат облыс орталығындағы сүт өнімдері зауытының жұмысымен танысты. Мұнда мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнімдері еліміздің барлық аймағына жеткізіледі. Дегенмен осындай ірі өндіріс орындарының өзі қазір несие мен субсидияға мұқтаж. Бұл қаржыны шаруалар мал азығы мен тыңайтқышқа және маусымдық шығындарға жұмсайды. Мемлекеттен қолдау тапқан шаруашылық өз өнімін нарықтағыдан арзан бағаға ұсынады. «Сол себепті субсидияны кешіктірмеген абзал», – дейді депутат.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Субсидияны толыққанды және өз мерзімінде төлеу. Мысалы, қазір біз, қараңызшы, қандай әдемі зауытта жүрміз. Осындай мекемелерге дұрыс мерзімінде субсидиялар төленбейді. Қазір мемлекет осы мекемеге 2 млрд-тан астам қарыз. Осындай мәселелер тұр.