Үкімет өңірлердің дербестігін арттырады

Үкімет өңірлердің дербестігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды шараны қолға алды, деп хабарлайды 24KZ.

Осылайша, жергілікті билік органдарына бюджетті жоспарлау, инфрақұрылымдық жобаларды басқару және әлеуметтік қолдау бағдарламаларын іске асыру бойынша үлкен өкілеттіктер беріледі. Мәселен, аймақтардағы басшылар ресурстарды икемді басқарып, өз облыстарының стратегиялық дамуына, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды дамытып, жергілікті білім мен денсаулық сақтау деңгейін көтеруге қатысты нақты шешімдер қабылдай алады. Тағы бюджеттің 4-ші деңгейлі кірістерінің базасы кеңейтіледі. Яғни жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде ауылдық округтердің дербестігі үшін салықтар мен төлемдердің 25 түрі, оның ішінде 8 салық және 17 салықтық емес төлем тапсырылды. 2022-2023 жылдардың қорытындысы бойынша олардың түсім көлемі шамамен 16 млрд теңгеге жетті. Ал жаңа Бюджет кодексінің жобасында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығын республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге аудару көзделген.

Заңнамалық базаны өзгерту бойынша келесі толықтыруларды енгізу көзделеді:

- ауыл әкімі мен аппаратының және мәслихат өкілеттіктерін кеңейту;

- мәслихат төрағасының және аппараты басшысының өкілеттіктерін шектеу;

- салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін бюджеттің IV деңгейіне ауыстыру;

- ауыл әкімінің еңбекақы төлеудің кесімді жүйесі бойынша еңбек келісімшартымен тұрғындарды жұмысқа алу.