Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауға бақылау күшейеді
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмыс істей бастайды.
Бұл еңбек заңнамасының сақталуына және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Көпшілік өзінің еңбек құқығын біле бермейді. Осының салдарынан опық жеп жатады. Мысалы Қарағандылық Әсел Сахимова бұған дейін қаладағы ұйымдардың бірінде әкімшілік басқарушы болып жұмыс істеген. Алайда ресми түрде оны дәлелдейтін келісім шарты болмаған. Кейін жұмыстан шығар кезде өзіне тиесілі өтемақыларды алуға жұмыс беруші тараптан кедергілер туындаған.
Әсел Сахимова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Менің ресми түрде жұмыс істегенім туралы құжатым болмады. Соған қарамастан менің еңбек құқығымды қорғауға болатынын білмедім. Бірнеше адам әрқайсымыз жекелей инспекцияға шағымымызды түсірдік. Үш күн ішінде мәселеміз қарастырылатыны жөнінде смс хабарлама алдық. Кейін жұмыс істеген орныма хаттама жіберіліпті. Маған алашақ ақшамды толық өтеп берді.
Қоғамда осындай мысал етер жайттар жетерлік. Лайықты еңбек жағдайының қамтамасыз етілмеуі, жалақы бойынша қарыздар, өндірістік жарақаттану сынды мәселелер жиі туындайды. Осы орайда биыл елімізде жұмыскерлердің құқықтарының сақталуына мемлекеттік тексеру 7% - ға күшейтілген. Дегенмен жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартумен ғана айналыспай, келеңсіздіктердің алдын алып отырса игі,-дейді Ермек Әбілдин. «Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызметтер қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы жаңадан құрылған комитеттің қызметі осы бағытта түзілсе деген пікірде.
Ермек Әбілдин, "Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызметтер қауымдастығы" бірлестігінің төрағасы:
- Бізде енді менталитет былай ғой, Бізде халық қандайда бір кішігірім заңбұзушылық болып жатса, оған көз жұма қарайды да өзінің құқығын қорғай алмайды, заңды білмейді. Барып үлкен кәсіпорындарға, шағын және орта бизнес нысандарына, олардың жұмыскерлерімен кездессе. Тек қана жұмыс берушіні жауапкершілікке тартпай, осының барлығын түсіндіріп айту керек. Еңбек министрлігі осындай өзгерістер енгізгеннен кейін түзеледі деп ойлаймын. Көш жүре түзеледі дейді ғой.
Мамандардың айтуынша жаңа құрылым еңбек заңнамасының сақталуына және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Медеу Ахметов, Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:
- Бұрын біз енді жергілікті атқарушы органға бағынышты болсақ, енді биыл жаңадан құрылған комитеттің аумақтық департамент құрылымы болып қайта құрылып жатырмыз. Біздің пікірімізше, енді жұмысты тікелей бақылауға комитет тарапынан шұғыл шаралар қабылдауға оң ықпалын береді деген ойдамын. Бірақ енді біздің жергілікті атқарушы органдармен де жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз.
Комитет пен оның аумақтық департаменттерін құру, штаттарды жасақтау жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі республикалық кеңесте мәлім етілді. 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары штаттық режимде жұмыс істейді.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков , Зарина Зұлпыхар