Ақмола облысында астыққа қауіп төнді
Ақмола облысында астықтың биыл да далада қалу қаупі бар.
Өңірде екі аптадан бері жауын-шашын толастамай тұр. Шаруалар тағы да шығынға батамыз деп дабыл қағуда. Ендігі жағдай қалай болмақ?
Тәжірбиелі шаруа Нұрлан Ахметов екінші жыл осындай жағдайға тап болып отыр. Жаз бойы күтіп, баптаған егіні шылқыған судың астында қалған. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» болып, егініне септариоз бен тат ауруы тараған.
Нұрлан Ахметов, шаруа:
- Менің егінімді, маңайдағы фермерлердің егіндерін септариоз, трипс жеді. Оны дәрілеуге дәрі алдық қарызданып жүріп, ал дәрілеуге ауа-райы жібермеді. Жаңбырдан жаңбыр. Мына егінді басымыз қатып отыр, жығу керек. Жықпаса болмайды. Кептіру керек.
Шаруа тәуелкелге бел байлап, алдағы апта егінді жығып, кептіруді бастайды. Бірақ жауын тоқтамаса, дымқыл жерде сабағы қайта көктеуі мүмкін. Одан қалды, су сіңген бидай тұқымға да жарамайды. Сапасымен қатар бағасы да түседі. Сондықтан шаруа биыл бидайдың бағасын кем дегенде 100 мың теңгеге дейін көтеру керек дейді.
Нұрлан Ахметов, шаруа:
- Ячменнің бағасын 48-50 қыламыз дид, ал бидайды үшінші классын 85-88 қыламыз дейді. Оны 85-тен басынан бастап алмайды. Биыл үшінші класс бола ма, болмай ма – ол Алланың қолында. Өйткені биыл егін дымқыл болады. Төртінші, бесінші класс болса соған тәубә, қанағат дейміз.
Шаруалардың өтінішін жергілікті билік Үкіметке жеткізген. Ал астықтың бағасына қатысты ештеңе айта алмайды. Себебі баға әлі белгісіз. Диқандардың талап-тілегі ескеріледі деген үміттеміз-дейді сала басшылары.
Кенеш Әлімжанов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Астықтың бағасы қыркүйек айының басында белгілі болады. Қазір біз тек болжап, нақты айта алмаймыз. Үкімет отырысында шаруалардың бұл ұсынысы көтерілді. Әрине жергілікті диқандардың алаңдауы орынды. Себебі көбінің былтырғы қарыздары бар. Биыл бәрі оң шешіледі деген үміттеміз.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Осылайша, шаруалар биыл егінін түсімін емес, шығынын есептеп әлек. Бітік шыққан өнімді ала алмаймыз ба деп алаңдайды. Енді олардың ауа-райының тұрақталғанын күтуден басқа амалдары жоқ.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный