Қазақстан су шаруашылығын дамыту бойынша Германиямен ынтымақтастық орнатты
Қазақстан су тасқынының алдын алуда Германиямен ынтымақтастық орнатты.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегацияның Берлинге сапарында белгілі болды. Кездесуде ауыл шаруашылығындағы суару әдістерінің үздік тәжірибелері таныстырылып, климаттың өзгеруі жағдайындағы су ресурстарын оңтайлы басқару мәселелері талқыланды.
Берлиндегі Қазақстан елшілігі ғимаратында қызу қарбалас. Тек Қазақстан үшін емес, бар әлемге өзекті әрі ортақ мәселе – су тақырыбы сөз болмақ. Нақтырақ айтқанда, су тасқынының алдын алу мен су ресурстарын дұрыс пайдалану мәселелері қарастырылмақ. Көктемгі апаттардан бері су тақырыбын жіті бақылауда ұстаған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев салаға жауапты мекеме өкілдерімен бірге германиялық әріптестермен іскерлік кездесуде бас қосты. Тараптар су тапшылығынан ғылым көмегімен қайткенде құтылуға болатынын талқылады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Олар жаңа зауыттарды, өз филиалдарын ашса, технологияларының трансфертін бізге жіберсе, осы – ең басты міндет. Келесі айда жаңа бесжылдық су саласын дамытуға арналған жоспар бекітеміз. Сол жоспарға сәйкес 2 триллион теңгеден астам сомаға біз осы су саласын жаңғыртамыз дейміз және жаңа су қоймаларын, каналдарды саламыз. Соның бәрін жаңғыртатын кезде жаңа технологияларды пайдалану керек.
Дәл сол жаңа технологиялардың бірсыпырасы Алманияның алақанында. 300-ден астам су саласының компаниялары бас қосқан German Water Partnership ұйымы осы кездесуге ең тәжірибелі мамандарын ала келген. Дөңгелек үстел үстіндегі 120 минуттың әр сәті мәселені ашық қозғап, соған жауап болар шешім ұсынумен өтті. Алдындағы суының әр тамшысын есептеп ішкен неміс мамандары Қазақстан тарапының стратегиялық қадамдарына оң баға берді.
Борис Грайфенедер, German Water Partnership атқарушы директоры:
- Таза суды ұтымды пайдалану, қалдық суларды қайта қолдану жолдары, топан су, құрғақшылық сияқты апаттарды болжау мен оларға қатысты мәселелерді шешу жолдарын ұсындық. Германиялық компаниялардың бұл жағдайлар бойынша тәжірибесі мол. Қазақстан тарапынан тамаша жобалардың бар екенін білдік. Енді өз арамызда жұмыс тобын құрып, сол жобаларды қалай жүзеге асырамыз деген сұраққа көшеміз. Ең тиімдісін сіздерге ұсынып, қабылданған жағдайда жұмысқа білек сыбана кірісіп кетпекпіз.
Ян Фридел, Innari табиғатты инновациялық суару ұйымының атқарушы директоры:
- Дөңгелек үстелде қос тарап үшін тиімді жобалар тізімі ұсынылды. Қазақстанның әлемнің 9-шы ірі мемлекеті екенін әрі оның агроәлеуетінің артып келе жатқанын ескерсек, ирригация жүйесінің заман талабына сай болуына мән беруіміз керек. Қазақстан – Орталық Азиядағы бидай экспортының алыбы. Енді сол дархан даланы тиімді суару жолдарын енгізуге көмектесе аламыз деп сенемін. Бұл барлық тарапқа пайдалы әріптестік болмақ.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты Таразда ашылған Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің материалдық-техникалық базасын байытып, білікті мамандармен тәжірибе алмасуға ұласады. Осы мақсатта өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Енді қос тарап оларды жүзеге асыру бойынша нақты жоспарларын пысықтауға кіріседі.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.