О. Бектенов «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысымен танысты
Жезқазғанның Бас жоспарын іске асыру аясында Үкімет жылу, су құбыры және кәріз желілерін салуға 4,8 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды 24KZ.
Аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында Премьер-министр осылай деді. Сондай-ақ жаңа оқу жылында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының жатақханасы пайдалануға беріледі. Ал өңірдың жылыту маусымына дайындығы қалай?
Олжас Бектеновтің Ұлытау облысына жұмыс сапары Шахтер күні қарсаңына тұспа-тұс келді. Үкімет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Жыланды кенішіне табан тіреді. Сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, кейбіріне Президент атынан «Құрмет» және «Еңбек даңқы» орденін табыс етті.
Жылу қазандықтарының қысқы маусымға дайындығы пысықталды
Қыс арқасы қиянда. Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы жылыту маусымына дайындықты да бақылады. Ол Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі саналатын №1 және №2 жылу стансыларын аралады. Премьер-министрге қазіргі уақытта №1 жылу стансысында күрделі жөндеу және 4 қазандық пен газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны баяндалды.
Әшім Исанов, «Kazakhmys Distribution» ЖШС техникалық директоры:
- Жылу стансысының қуаттылығы – 225 Гкал/ сағ. Қаланың тұтынатын энергиясы – 240 Гкал/сағ. №2 жылу стансысынан бізде «перемычка бар». 15-20 Гкал сол жақтан аламыз. Жөндеу жұмысына 1 млрд 300 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 550 млн теңге, акционерлік ақша бөлек бөлінген. Жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін жоспарланған. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр.
Жезқазғанда «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталады
Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Биыл Жезқазғанда 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталады. Тағы бірнеше білім ордасы 2025 жылы пайдалануға беріледі. Үкімет басшысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақхананы да аралап көрді.
Еркеш Қабдышев, мердігер компания өкілі:
- Бұл жатақхана 2023 жылы қазан айында басталды. 200 орындық. Мына Өркен мектебіне арналған. Енді биыл тамыз айында аяқталды. Жалпы құрылыс жұмыстары бітті. Көріп тұрсыз, сырты да, іші де, фасад – 100%
О. Бектенов Жезқазған байыту фабрикасына барды
Өңірдің даму қарқыны жаман емес. Бұған жергілікті кәсіпорындардың ықпалы зор. Үкімет басшысы осы орайда Жезқазған байыту фабрикасы мен тәжірибелік гидрометаллургия зауытына барды. 2020-2024 жылдары Жезқазған байыту фабрикасын жаңғыртуға және жабдық сатып алуға 49,5 млрд теңге инвестиция бағытталды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Былтырдан бастап біз ғылыми бағыттарды белгілейтін механизмдерді түбегейлі өзгерттік. Енді жоғары ғылыми-техникалық комиссия Премьер-министр төрағалығымен өтетін құрамына ең ірі кәсіпорындардың басшылары кірді. Енді біздің ғылыми зерттеу институттарымыз осындай ірі өндірістерге шығып, нақты проблемаларды анықтап, сол проблемаларға ғана ғылыми гранттарды беретін болдық.
О. Бектенов «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысымен танысты
«Жезқазған – Қызылорда» автожолын қалпына келтіру Ұлытаудың ғана емес, өзге де бірқатар өңірдің дамуына серпін береді. 208 шақырым жолды реконструкциялауға 4 мердігер қатысады. Белгілісі Ұлытау облысы бойынша жұмыс құны – 108,6 млрд теңге. Олжас Бектенов «Жезқазған – Қызылорда» автожолының стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталды. Себебі өңірдің транзиттік әлеуеті артады.
Сұңғат Рақымжанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:
- Бүгінде барлық конкурстық процедура аяқталды. Мердігерлер анықталды. Биыл қажетті материалдарды дайындаймыз. Инертті материалдар өңірде әзірленеді. Темір-бетон да біздің облыс аумағынан алынады. Жоба 2027 жылға дейін жүзеге асады.
Премьер-министр аймақтың экономикалық ахуалын одан әрі дамыта түсу керектігін айтты. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту да – маңызды міндет.
Авторы: Мерей Мұратханқызы.