Абай облысы кәсіпкерлерінің Салық кодексіне қатысты сұрағы көп

Абай облысының кейбір кәсіпкерлері Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді қолдамайды, деп хабарлайды 24kz.

«Себебі заң жобасы жүйелі ойластырылмаған», - дейді олар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровпен кездесу кезінде айтылды. Жиынға өңір кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері және әкімдік өкілдері қатысты. Еліміздің бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шаралары туралы айтылды. Депутат бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту үшін бірнеше бағдарлама іске асып жатыр. Өз кезегінде кәсіпкерлер депутатқа көкейде жүрген сауалын қойып, түйткілді мәселелерді қозғап, оны Парламент қабырғасында көтеруді сұрады.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Менің ойымша, бүгін көтерілген ең өзекті мәселе ол Салық кодексіне байланысты. Салық кодексі бізге екі айдан кейін Парламентке келеді. Сол Салық кодексін жетелеу үшін Абай облысының кәсіпкерлерін шақырдық. Менің тарапымнан неге жұмыс тобына кірмейсіз, ұсынысыңызды, ойыңызды сонда жеткізсеңіз деген ұсыныс болды. Кейбір мәселелер ол жергілікті атқарушы органның қолында. Оны біз сейсенбі-сәрсенбі күндері облыс әкіміне жолдаймыз.