Құндыкөл ауылына ₸1 млрд-тан астам инвестиция салынды
Бір ауылдың әлеуметтік және экономикалық ахуалын оңалтуға бір миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, деп хабарлайды 24KZ.
Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Құндыкөл елді мекенінде жолға асфальт төселіп, орта мектеп жөнделіп жатыр. Ескірген ғимаратты толық жаңғыртуға кіріскен мердігер: «Алдағы оқу жылына дейін тапсырамыз», – деп отыр.
Әлкей Марғұлан атындағы Құндыкөл орта мектебінде бұрын оқушы саны мыңнан асатын. 1989 жылы қолданысқа берілген ғимарат 35 жыл ішінде күрделі жөндеу көрмеген. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне де алаңдайтын. Мәселені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шешудің сәті түсті. Оқу ордасын жаңғыртуға бюджеттен 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Бақтияр Қалдыбек, учаске басшысы:
- Бір корпус бітіп тұр. Мына корпустың тек артқы жағы қалып тұр. Оны да барлығын бітіреміз. Осы 25-не дейін барлығын дайындап береміз. Оқу үзілмейді. Оқушылар уақытында мектепке оқуға келеді. Өзіміз істеген барлық жердің кепілдігі 3 жыл болады.
Ғимарат заманауи білім беру үрдісінің талаптарына сай жасақталады. Мектеп жиһазы мен пән бөлмелеріне қажетті барлық құрал-жабдық орнатылады. Ауылға жаңа серпін берген жобалардың іске асқанына жергілікті тұрғындар да риза.
Ерік Баударбеков, ауыл тұрғыны:
- Биыл ауылымыз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кіріп, мектебіміз, мына мәдениет үйіміз, жолымыз, көше жарығымыз – түгел күрделі жұмыстан өтіп жатыр. Ауылда жастар жағы тұрақтамайды. Өйткені ауылда жұмыс мәселесі қатты жоқ деп ойлаймын. Шеттен енді жұмыстар ашылса, онда жастар тартылады деп ойлаймын.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Құндыкөлде 4 жоба жүзеге асып жатыр. Шалғайдағы ел халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлінді. Ауызсу жүйесі мен интернет байланысы, көшеге жарық тарту да биыл қолға алынған.
Қуандық Ивашев, Құндыкөл ауылдық округінің әкімі:
- Көше жарығының бізде жалпы сомасы – 74 млн 346 мың теңге. 215 жарық қойылып, енді, Алла жазса, міне, Баянауылдың БРЭС-на келісімшартқа отырып жатырмыз. 2-3 күнде ауылға жарық беріледі. Енді мына жерде жолға келсек, 3 шақырым 180 метр. Сапасын өздеріңіз көріп отырсыздар. Жаңа өткен шығарсыздар. Жол да толық тапсырылды.
Құндыкөлдің тағы бір жағымды жаңалығы, ауылда үй салуға кіріскендер бар. Тұрғындар ертеде қалаға қоныс аударғандардың оралып жатқанын айтып отыр.
Авторлары: М. Есхожин, Е. Абишев, М. Игликов.