Бизнеске берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді
Шағын және орта бизнеске берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіліп, қарызды қайтару мерзімі ұзарды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұндай жеңілдік кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарлама аясында өндірісте күрделі технологияларды қолданатын кәсіпорындарға беріледі. Ол «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының бірігуінен пайда болды. Үкіметтің баспасөз қызметі бұл тетіктер жақын арада енгізілетінін мәлімдеді. Әзірге қолданыстағы механизмдердің нәтижесін саралап жатыр. Қазір субсидияның тең жартысы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарға беріледі. Несиелерге берілетін кепілдік сомасы ұлғайтылды. Бұған қоса мемлекеттік қолдаудың баламалы құралы ретінде синдикатталған несиелеу қарастырылған. Яғни, ірі жобаларды бір мезгілде бірнеше банк арқылы 15 млрд теңгеге дейін қаржыландыру мүмкіндігі бар. Жарты жыл ішінде кешенді бағдарлама аясында 8 мыңнан астам жобаға субсидия беріліп, 5 мыңнан аса кәсіпкер кепілдік алды.