АЭС: жаһанмен бірге Қазақстан да атом қуатына мұқтаж
Алдағы ширек ғасырда атом энергиясын өндіру үлесі 14% жетеді, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандардың пікірінше, атом электр стансысын салу экологияға еш зиянын тигізбейді. Керісінше, мұндай ірі жоба тиімді әрі пайдасы мол. Мысалы, АЭС арқылы өндірілетін қуаттың бір гигаваты 2 тоннадан астам мазутты, 6 млн тоннаға жуық көмірді және 2 млрд 600 млн текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік береді.
2050 жылға қарай әлемде атом энергиясын өндіру арқылы жылына 800 мың тоннадан астам зиянды газдардың бөлінуіне тосқауыл болады. Осыдан 11 жыл бұрын НАСА ғалымдары АЭС-тің салынуы қоршаған ортаға қалай әсер ететінін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізген. Анықталғандай, 1971 жылдан 2009 жылға дейін атом реакторлары 64 гигатонна көмірқышқыл газының ауаға таралуына жол бермепті. Нәтижесінде 2 млн-ға жуық адамның өмірі мен денсаулығы сақталған. Бұл қорытынды кезінде ACS Publications сайтында жарияланған.
Ринат Оқасов, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Егер ел ретінде дамуды және әлемнің озық елдерінен қалмауды ойласақ, Қазақстанға базалық генерацияның жаңа көздерін құру керек. Жан-жақты саралай келе, ең ұтымды әрі оңтайлы шешім бұл атомдық энергетика екенін түсіндік. Осы күнге дейін атомдық электр стансымыз болмаса да, Қазақстанның бұл салада тәжірибесі мол екенін көпшілік біле бермейді. Уран қоры бойынша әлемде 2-ші және оны өндіру бойынша 1-ші орындамыз.
Қазақстан ұзақ жылдар бойы Қытайдың атом электр стансылары үшін ядролық жанармай өндіріп келеді. Әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды реактор БН-350 ел аумағында салынып, 25 жыл мүлтіксіз қызмет етті. Ұлттық ядролық орталығымызда Ядролық физика институты тағы бар.
Акиро Токухиро, Онтарио технологиялық университетінің профессоры:
- Әлемнің 195 елінің тек 40-да атом энергетикасы бар. Басқа қуат көздерімен салыстырғанда атом электр стансыларының қоршаған ортаға әсері шамалы. Одан алынған жылуды басқа салаларда да қолдануға мүмкіндік бар. Бұл – атом энергетикасының негізгі артықшылығы.
Дереккөздерге сәйкес әлемде жалпы 400-ден астам атом электр стансысы жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты 375 гигаватты құрайды. Бұл барлық өндірілетін қуат күшінің 10%-не тең. Сонымен қатар 60-қа жуық атом энергоблоктары салынып жатыр. «Қазақстанның атом энергиясын дамыту жоспары елдің келешектегі энергетикалық саясатын анықтайтын маңызды кезең болмақ», – дейді сарапшылар.
Авторы: Мирлан Алтынбек.