Жетісуда егін орағы аяқталуға жақын

Жетісу облысында егін орағы аяқталуға жақын.

Диқандар 250 мың гектарға себілген дәнді-дақылдың 70 пайызын орып үлгерді.

Мұндағы егіннің түсімі қандай, шаруаларды қандай мәселелер мазалайды?

Асхат Құрманбаевтың комбайншы болып жұмыс істегеніне жиырма жылдан асты. Кәнігі маманға биыл су жаңа техниканың тізгіні сеніп тапсырылды. 

Асхат Құрманбаев, комбайншы:

- Мына комбайн жақсы комбайн. Күніне 20-25 орамыз. Ел ырыздығын дұрыстап ысырап қылмай жинап алса, сол біздің жұмыс. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Биыл ауа райының қолайлы, жауын-шашынның мол болуына байланысты егін бітік шықты. Қазір шаруалар егістік алқаптың әр гектарынан 35 центнерден өнім алып жатыр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 центнерге көп. 

Сарқан ауданындағы 500 ден астам шаруашылық дәнді дақыл себумен айналысады. Биыл олар 60 мың гектар алқаптан 160 мың тонна астық жинауды жоспарлап отыр. Ендігі маңызды мәселе, өсірілген өнімді лайықты бағаға өткізу,- дейді дала еңбеккерлері.

Рүстем Шарапиев, шаруашылық жетекшісі:

- Біз тек қана складқа тығамыз. Баға болған кезде сатамыз. Ол қашан болады оны ешкім білмейді. Өндіріс болса, бізге жеңілдік болар еді. Өндіріс жоқ жеңілдік жоқ. Өткізетін жер жоқ. Бар болса да ол жерге бүкіл Қазақстанның арпасы бидайы сыймайды. Сыймаған нәрсені сыртқа шығару керек не пререработка жасау керек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар мәселеден хабардар. Олар аталған бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып отыр. 

Бақтияр Шампиков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнге 4 трейдер 24 мың тонна сатып алды. Сонымен қатар мал азығына 94 мың тонна сатылды. Көгер птицефабрикамыз айына 3 мың тонна жергілікті шаруашылықтардан алатын болды. Сайранбек АГРО мекемесімен 2 мың тонна келісім шартқа отырды. Суфлет зауыты 60 мың тонна арпа алайын деп жатыр. Қазір басқа да нарықты зерттеп жатырмыз. Көптен Тәжікстан, Өзбекстаннан келіп жатыр. Шаруашылықтармен кездестіртіп, бізге ең бастысы өнімді қымбатырақ сату ғой. Тиімді ұсыныстар іздеп жатырмыз. Жұмыс бақылауда.   

Жалпы алғанда Жетісу облысының диқандары 395 мың тонна астық жинады. Күн райы ашық болса, алтын орақ науқанын қыркүйектің соңына дейін аяқтаймыз, деп отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев