ҚР ҰЭМ: Экономиканың барлық саласында өсім күтілуде

Ендігі жылы орташа зейнетақы 96 562 теңгені құрайды. Алдағы үш жылда бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланған күйінде қалмақ, деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, 2025 жылы осы салаға 9,8 трлн теңге бөлінеді. Үкімет 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады. Қазына қаражатына қатысты негізгі болжамдар мен шешімдер қандай?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Бюджеттің басым бағытарының бірі – өңірлерді қолдау. Келер жылы бұл мақсатқа қазынадан 7,4 трлн теңге бөлінеді. Бұл бюджет шығысының 30%-ін құрайды.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Экономиканың барлық саласында өсім күтілуде. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 2025 жылғы 5,4%-тен 2029 жылы 6,6%-ке дейін өседі деп болжанып отыр. Тау-кен өнеркәсібіндегі орташа жылдық өсім 2,9%-ті құрайды. Мұнай өндіру көлемі 2025 жылғы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін өседі. Ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсім 5,3%-ті, құрылыста 9,3%-ті, көлік қызметтерінде 8,2%-ті және сауда-саттықта 7,1%-ті құрайды.

Вице-премьердің айтуынша, республикалық бюджеттің кірісі 2025 жылы шамамен 21,7 триллион теңге болса, шығыс 25 триллион теңгеден асады. Осылайша, тапшылық 4 триллион теңгеден жоғары. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған ерекше тоқталды. Бірақ салық реформасы бюджет кірісіне оң әсер етпесе, Ұлттық қордың қаражаты ортая беретінін айтты.2025 жылға 5,4 трлн теңге көлемінде қаражат тарту жоспарлануда. Ал, кейінгі болжам жасалған жылдары трансферт көлемі тарихи көлемнен едәуір төмен болады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- 2026-2027 жылдары трансферт сомасы тек 2 трлн теңгені құрап отыр. Ұлттық банк басшысының айтуынша, аталған жылдарда нысаналы трансферт көзделмеген. «Біз, әрине, Ұлттық қордан қаражат алуды азайту шараларын қолдаймыз. Сонымен бірге, егер салық реформасы аясында республикалық бюджеттің кірісін едәуір арттыру бойынша елеулі және жүйелі шаралар іске асырылмаса, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан қосымша қаражат алуды талап ететін тәуекел бар.

Жалпы 2025 жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешені, көлік инфрақұлымы мен шағын және кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беріледі.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев