Мемлекеттік сатып алу саласында монополия жойылды
Бұл нарықтағы алпауыттардың қалқасында қалған шағын және орта кәсіп өкілдерінің қарқынды дамуына үлкен мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында дайындалған тиісті жаңа заңда осындай норма бар. Сонымен қатар құжатқа қоғамдық бақылауды арттыру тетіктері енгізілген.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Енді ұзаққа созылған құрылыстармен қарапайым қазақстандықтар да күресе алады. Мамандар жаңа мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы қоғамдық бақылау туралы бап маңызды норма деп отыр. Яғни, түрлі жобалардағы заңсыздықты анықтаған адам өз бетінше тексеру жүргізіп, нәтижесін құзырлы органдарға хабарлай алады. Одан бөлек, майлы лоттарды иеленіп келген монополистерге де тосқауыл қойылды.
Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:
- Жаңа ерекшелік – ол қосымша мердігерлерге берілетін жұмыстардың санын азайту. Егер қазір қолданыстағы заңнамада 50%-і болса жұмыстардың, жаңа заң жобасымен 30%-ке дейін қысқартылады. Яғни, 70% жұмысын бас мердігер өзі жасауы керек. Бұл өте дұрыс. Неге? Өйткені кей мердігер бізде делдал болып кетті.
Құжатта байқау жеңімпазын автоматты түрде анықтау механизмдері де жетілдірілген. Яғни, жалған құжат толтырып, тендерлерге қол жеткізетін мердігерлердің жолы кесілді.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Қазір қосалқы мердігерлердің жұмыс өтілін қолдануға шектеу енгізілді. Бір нысан бойынша жұмыс өтілін есептеу әдісі өзгерді. Бұрын бір жобаны бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсын жеке нысан ретінде құжат толтыратын мердігерлер болған. Әрине, кейін мұндай құйтұрқы әрекеттер анықталып, байқау нәтижесі жойылатын. Бұған көп уақыт кеткендіктен, біз шектеу енгізуді ұсындық.
Сонымен қатар құжатта демпингке, яғни, тендерді ұту үшін бағаны қасақана төмендетуге қарсы тетіктер де енгізілген. Бұл норма сапаны арттыруға ықпал етеді.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қали Несіпбаев