Қ.Тоқаев: Мұнай саласы ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді
Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Бұл – ауқымы кең сала. Ал мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бүгін Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысқай Президент осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру, басты міндет екеніне де тоқталды.
1899 жыл. Атырау облысы. Қаршүңгіл кен орнында қазақтың алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Баку мұнайынан да жоғары бағаланған қазақтың қара алтыны бұл.
Биыл осы еліміздің мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толып отыр. 1 ғасырдан астам уақыт ішінде сала сапалы түрде дамыды. Мұнда мұнайшылардың еңбегі орасан зор екенін атап өту керек. Бұл жандар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгін мерейтойға орай сала қызметкерлерін құттықтаған Президент осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүниежүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі «қара алтын» өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз.
Қазақстан үшін мұнайдың маңыздылығы зор. Бұл сала ЖІӨ және экспорттық кірістердің айтарлықтай бөлігін құрайды. Мұнай өнеркәсібі Қазақстанның индустриясы мен инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік инвестицияларды тартуға да үлкен ықпал етеді. Бұл саланың қалыптасып, дамуына елімізге белгілі тұлғалар зор еңбек сіңірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан бұл салада ашық және жан-жақты ойластырылған саясат жүргізу арқылы жаһандық экономикаға дендеп еніп, үлкен көлемде инвестиция тартып жатыр.
«Сафи Өтебаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев бастаған мамандар кеніштерді ел игілігіне жаратты. Біздің геологтарымыз көптеген кен орындарын ашып, саланың дамуына өз үлесін қосты. Аға буынның өнегелі ісін кейінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. Бұл салада тұтас еңбек династиялары бар, яғни, «қара алтын» өндірісі бүгінде мұнайлы аймақтың ата кәсібіне айналды», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл жұмысқа зор үлес қосып келе жатыр. Қазақстан әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналды. Дүниежүзіне белгілі брендіміз бар. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі нығая түсті.
Қ.Тоқаев: Мұнай мен газ – еліміздің стратегиялық ресурсы
Мұнай мен газ – еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі. Сондықтан да мұнайшылардың еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланады. Бүгін Президент елде энергетика саласының түбегейлі өзгергеніне де тоқталып, логистика, экология мәселелерінің маңызы артқанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл секторда алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар міндеттерді де атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет. Мұнай өңдеу секторын дамыту маңызды. Заманауи экологиялық стандарттарға сай мұнай өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз ету керек. Мұнай-газ химиясының да келешегі зор.
Бағыт Сматуллин, ардагер мұнайшы:
- Біздер, ардагерлер өте ризамыз. Мұнайдың алғашқы сатысынан өткен алдыңғы ұрпақ өздерінің қолдарынан келгенше ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, сондай бір үлкен жұмыстар жасап, кейінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Ал біз кейінгі ұрпақ, қазіргі жастар жаңа технологияға сүйене отырып ілгері дамытып жасауда. Жұмыстарымыз жаман емес, үнемі алдыңғы шепте келеміз.
Қазақ даласынан алғашқы мұнай бұрқағы атқылағаннан бері бұл сала бүгінде түбегейлі өзгерді. Бұрын еліміз қара алтынды тек шикізат түрінде шетелге сатып жүрсе, қазір оны өңдеу деңгейі жоғарылап, дайын өнім түрінде саудаға шығарып жатырмыз.
Мәселен, жақында Атырауда полипропилен зауыты іске қосылды. Кәсіпорында жылына 500 мың тонна өнім өндіріледі. Бұл әлемдік үлестің 1%-іне тең келеді. Осы зауытты мысалға келтірген Президент саладағы басқа да жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз өңделу деңгейі жоғары өнім шығару мүмкіндігімізді еселей түсуіміз керек. Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Бұл – ауқымы кең сала. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Аталған секторда қызмет ететін ірі кәсіпорындар отандық кәсіпкерлердің өнімдерін өз қажетіне жаратуға басымдық бере отырып, жергілікті үлесті кезең-кезеңімен арттыра беруі қажет. Әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымның дамуына қомақты үлес қосу – негізгі міндет. Білікті мамандар даярлауға баса мән беру керек.
Салтанатты жиын соңында Президент мұнай-газ саласында өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Қазақ мұнайы бүгінде әлемдік деңгейде мойындалған. Оған әрине, осы саланың дамып, өркендеуіне үлесін қосқан осы жандардың еңбегі зор. Бүгінде Chevron, CNPC, Eni, Shell сынды алпауыт мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға ерекше ықпал етіп отыр.
Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы, ПТРК