Е. Қошанов: АЭС салудың стратегиялық маңызы зор
Аманаттықтар Мемлекет басшысының атом электр стансысын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдайды.
Олар осы науқанды Үкіметпен бірлесіп, жоғары деңгейде өткізуге дайын. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында айтылды. Мәжіліс төрағасы еліміздің болашағы үшін атом электр стансысын салудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Қазіргі уақыттағы қызу талқыланып жатқан ең өзекті мәселе – атом электр стансысын салу. AMANAT фракциясының депутаттары Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы идеясын толық қолдайды. «AMANAT» партиясы осы науқанды Үкіметпен бірлесіп, жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға, кең ауқымда ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыруға дайын. Еліміздегі барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар бізбен бірге Президенттің осы прогрессивті бастамасын іске асыруға жұмылады деп сенеміз.
О. Бектенов: 2029 ж. экономика көлемін $450 млрд жеткізу міндеті тұр
Сондай-ақ кеңейтілген отырысқа Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, Президенттің Жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Үкіметтің жұмысы туралы айтты. 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. «Экономика құрылымын түбегейлі өзгерту бағытында белсенді шаралар қабылданып жатыр», – деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президент жоғары деңгейде өңделгел өнім шығаратын класстерлер құрылуы тиіс экономиканың басым салаларын айқындап берді. Үкімет 17 ірі жобадан тұратын тізбені қалыптастырды. Оларды іске асыру 15 трлн теңге инвестиция тарта отырып, 26 мың жұмыс орнын құруға, сондай-ақ дайын өнім экспортын шамамен 6 трлн теңгеге ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті 1,5 трлн теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді.