Қазақстан-Германия кәсіпкерлерінің ынтымақтастығы талқыланды

Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық өндіріс саласында жаңа деңгейге шығады.

Бұл жайлы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегацияның Берлинге сапары барысында белгілі болды. Алмания астанасында екі елдің бизнес пен үкімет өкілдері Іскерлік кеңестің 15-ші отырысына қатысты. Қандай жобалар ұсынылды? Тараптар не талқылады?  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жыл бұрынғы Берлинге сапарынан кейін қазақ-герман қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығып, түрлі саладағы байланыс беки түсті. Стратегиялық ынтымақтастықты күшейтіп, өндірістік әлеуетті дамыту үшін Алмания астанасына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация келді. Оның құрамында еліміздің үкімет өкілдері мен іскер азаматтар бар. Басты мақсат – экономиканы әртараптандыру жолында өндірісті дамытып, шикізатқа тәуелділіктен арылу.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы:

- Германия тарапы машина жасау, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын, фармацевтика мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты ұсыныстарын жасап, өндірісті дамытуға зор қызығушылық танытып отыр. Дәл осы бағыттар бойынша серіктестік біздің экономикаға да аса тиімді. Өз шикізатымызды пайдаланып, жаңа дүние жасауға мол мүмкіндік болады. Еліміздің шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауы неміс бизнесін көптеп тартуға көмектесті.

Қазір Қазақстанда 752 кәсіпорын герман капиталымен жұмыс істеп тұр. Тек былтырдың өзінде Алманиядан келетін тікелей инвестиция көлемі 712 миллион евроға жеткен. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2023 жылы 9 млрд-тай евро болды. Бүгінгі кездесулерде осы көрсеткіштердің санын арттырып, жаңа мүмкіндіктер іздеуге көңіл бөлінді.

Гидо Янцен, DF Deutsche Forfait компаниясының Шығыс Еуропа және инвестициялық қатынастар бойынша директоры:

- Біз Солтүстік Қазақстан аймағына Орталық Азияда бұрын-сонды болмаған инновациялық ферма салуды ұсындық. Барынша көп өнім беретін, пайдасы да мол болатын әрі қоршаған ортаға зияны аз технологияны қолданамыз. Мысалы, сол кәсіпорында кеспе жасауды жолға қоюға болады. Еуропаға астықтың өзін экспорттау қиын әрі қымбат. Ал кеспені жөнелтудің шикізаттан гөрі кірісі көп әрі тасымалы жеңіл. Оған қоса жаңа жұмыс орындары ашылады. Нарықта білікті мамандар мен технологиялар болады.

Нико Варбанофф, Deutsche Bahn E.C.O. Group теміржол компаниясының бас атқарушы директоры:

- Былтыр Президент Тоқаевтың Берлинге сапары аясында «ҚТЖ» компаниясымен арнайы келісімге келдік. Жолаушылар тасымалымен қатар теміржолдағы сауда қарым-қатынастарын дамытуды көздеп отырмыз. Қытай мен Еуропаны байланыстыратын «Орталық дәліз» жобасын дамытуға да үлес қосқымыз келеді. Бұл ынтымақтастық барлық тарапқа тиімді боларына сенімім мол.

Бұдан бөлек, қос тарап тыңайтқыштар мен цемент өндірісі, жасыл энергетика, металлургия мен мұнай химиясы саласына қатысты жобалардың даму жолын талқылады. Аса жеңіл ұшақтар жасайтын Flight Design Kazakhstan зауытының құрылысын бастауға қажетті шаралар пысықталды. Инвестициялық ынтымақтастық пен іскерлік әріптестікке жол ашатын 10 түрлі келісім мен меморандумға қол қойылды. Бұл қадам қыркүйекте Қазақстанға келетін Германия канцлері Олаф Шольцтің сапарының екі ел үшін де жемісті болуына ықпал етпек.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.