Солтүстік Қазақстанда егін орағына 59 мың тонна жанар-жағармай берілді

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбырдан егін орағы кеш басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Осы апта күн райы ашық болып, диқандар жаппай далаға шықты. Биыл өңірде 4,5 млн гектар жерге дән себілген. Күзгі дала жұмыстарына Үкіметтен 60 мың тоннаға жуық арзандатылған жанар-жағармай берілді.

Биыл диқандар қауымын арамшөп алаңдатып тұр. Жауын-шашыннан егістік алқаптарын өсімдік басып кеткен. Дегенмен астық шығымдылығы жаман емес. «Мысалы, мына жерлер гектарынан 25 центнер бидай береді», – дейді шаруа Максим Иванов. Ал, рапс 30 центнерден асады.

Максим Иванов, серіктестіктің коммерциялық директоры:

- Орақ науқаны белгіленген кестеден 10 күнге кешігіп жүріп жатыр. Оның үстіне жаздың ыстық күндері аз болды. Сондықтан кейбір дақылдар кеш пісіп жетілді. Енді оларға арнайы агрошаралар қолданылады.

Өңірде 50-ге жуық элеватор бар. Жиналған астықты кептіріп сақтауға Үкіметтен арзандатылған бағамен жанар-жағармай қарастырылған. «Одан бөлек биыл бірінші рет сұйытылған газ берілді», – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.     

Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Тағы да мынау сұйытылған газға бірінші рет осы жылы өтінім қабылдады. Қазір операторларын бәрін анықтаймыз. Содан кейін мынау қыркүйектің басында таратуға жұмыс жүргізіледі.

Әзірге, диқандар 187 мың тонна астық бастырды. Әр гектардан 16 центнерден бидай жиналып жатыр. Күзгі ораққа 7 мыңнан аса комбайн жұмылдырылған. «Ендігі міндет – әр ашық күнді мейлінше пайдаланып, ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу», – дейді шаруалар.  

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.