Қазақстан мен Ресейдің Киров облысы арасында тауар айналымы артты
Қазақстан облыстары мен Киров облысының арасында сауда айналымы 16% артты, деп хабарлайды 24KZ.
Екі тарап барлық салада ынтымақтастықты бекіткен, сонымен бірге алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру жолы талқыланып жатыр.
Қазақстан – Киров облысының ірі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Аймақтың ТМД мемлекеттерімен сыртқы экономикалық байланыстарында экспорт көлемі бойынша Беларусьтан кейін екінші орында тұр. Өңір Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстарды ары қарай кеңейтуге ниетті.
Бұл аймақта минералды тыңайтқыштар, жүк және жеңіл автомобильдерге, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған шиналар өндіріледі.
Александр Соколов, Киров облысының губернаторы:
- Бізде ағаш өндіру, машина жасау, сізде энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Қазақстанмен тауар айналымымыз жыл сайын артып келеді. Экспорт та, импорт та қатар өсіп жатыр. Бұл – қуантарлық жайт.
Қазақстандық делегация өңірдегі ірі компанияларға барып, бірнеше рет іскерлік кездесу өткізді. Ауыл шаруашылығы саласында да жоспар ауқымды.
Александр Киселёв, облыстық ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі:
- Алдыңғы жылдары Киров облысында өсірілген асылтұқымды малды Қазақстанға экспорттадық. Жергілікті мал тұқымын өсіретін бірнеше шаруашылығымыз бар. Қазақстанда да төрт түлікті асылдандыруға сұраныс бар екенін білеміз. Сондықтан серіктестіктің әлеуеті жоғары.
Ғылым мен білім саласында да әріптестіктің көкжиегі кең. Инженерлік-техникалық білімді дамыту бойынша қазақстандық ғалымдар Киров облысының жоғары оқу орны мамандарымен бірге ауқымды жобаны бірлесе жүзеге асырып жатыр.
Сергей Фомин, оқу орнының проректоры:
- Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орнымен әріптестігіміз жоғары. Алматы, Қарағанды университеттерімен біліктілікті арттыру бағдарламасын жүзеге асырдық. Биыл 2 магистрлік бағдарламаға қабылдау жарияладық. Бағдарламаның арқасында мұғалімдер онлайн форматта білім алады.
Екі тараптың ғалымдары өндіріс саласына қажетті кәсіби кадрларды дайындау үшін үздіксіз білім берудің бірыңғай ортасын құруға ниетті.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.