Атырау тұрғыны лимон мен мандарин өсіріп отыр
Жері сортаң, топырағы тұзды Атырау жерінде де цитрусты жемістер өсіруге болады.
Атыраулық кәсіпкер Салтанат Жұбаева осыны дәлелдеп, қазір жылыжайда лимон мен мандарин өсіріп отыр. Былтыр 1 тоннаға жуық өнім алыпты.
Бұл Салтанаттың анасынан қалған шағын ғана жылыжайы. Осы жерден лимон өскіндерін әзірлеп, үлкен жылыжайға егеді. Қазірдің өзінде осы жердегі лимон ағаштары жеміс беріп үлгірген. Алғашында бұл кәсіпті бастаудың оңай болмағанын айтады.
Салтанат Жұбаева, кәсіпкер:
- Басында әрине қиын. Жерге түскеннен сразу өнім бермейді ойлағаныңдай. Жыл қосқан сайын өнімді көбірек қып береді. қиындықтар да көп болды. Үсіріп те алдық. Лимон болсын, басқа зат ексін, ол негізінде ауыл шаруашылығына төзім көп керек.
Ерінбей еңбек еткен адам әркез олжалы болады, дейді Салтанат. Ол былтыр жылыжайынан 1 тоннаға жуық өнім алған. Енді лимон мен мандаринді де будандастырып, жаңа өнім шығаруды жоспарлап отыр.
Салтанат Жұбаева, кәсіпкер:
- Жылына күтіп жақсы болса, менің лимонымның сорты жылына 2 рет береді. Бастапқысында көктем айында береді. Одан кейін қыс айында береді ноябрьде теріп алуға болады. Вишня бар, слива бар, абрикос бар, персик бар. Лимоннан басқа 250-дей түп бар.
Қазір облыста шағын және орта бизнесті дамытып отырған кәсіпкерлерге қолдау көп. «Бизнес аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында биыл 24 кәсіпкердің жобасы қолдау тапқан. Оларға бюджеттен 480 млн теңге бөлінді.
Сәттіғұл Сабыров, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
- Шағын және орта бизнес секторында түрлі салаларды қамтиды. Оның ішінде бау-бақша, жеміс-жидекпен айналысатын, яғни ауыл шаруашылығы бағытында айналысатын кәсіпкерлер де бар. Бұл бағытты дамыту мақсатында өңірлік бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы кәсіпкерлердің арасында сұранысқа ие бағдарлама – ол бизнес аймақ бағдармаласы. Бұл бағытта 2024 жылы 480 млн теңге бөлінген болатын.
Салтанат секілді ебін тауып, ерінбеген адам кәсібінің нәсібін көреді. Енді ол жылыжайын үлкейтіп, өнім көлемін арттыруды ойлап отыр.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов