МАЭК-те 2 жылу қазандығы жөнделіп жатыр
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында 2 жылу қазандығы жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандар тағы бір турбинаны модернизациялауды қолға алды. Кәсіпорын Ақтауды ауызсу, ток және жылумен қамтамасыз етеді. Энергокомбинат жабдығының 81% тозған. Сондай-ақ газбен жабдықтаушы компанияға берешегі 15 млрд теңгеден асады. Таяуда Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңге сол қарыздың бір бөлігін төлеуге жұмсалады.
МАЭК-ті модернизациялау қажеттігі айтылып жүргеніне 10 жылға жуықтады. Кеңестік кезеңнен қалған кәсіпорын жыл санап аумағы өсіп келе жатқан Ақтаудың жылу, ток, ауызсуға сұранысын өтеуге қауқарсыз. Энергокомбинатты жаңғырту мақсатында былтыр ел Үкіметі 4,9 млрд теңге бөлген еді. Алайда тек 1 млрд 669 млн теңгесі игеріліп, қалғаны мемлекетке қайтарылды. «Себебі өндіріске қажетті турбина, қазандық, электр генераторлары шетелде тапсырыспен жасалады. Оған уақыт керек. Сол себепті бізге бөлінетін қаржыны игеру мерзімін ұзартуды сұрап, заң шығарушы органға жүгіндік», – дейді мекеме басшысы.
Кеңес Орақов, МАЭК серіктестігінің бас директоры:
- 4,9 млрд, сол бір жылда игерілмеген ғой. Содан 3 млрд 600 млн-ды қайтардық Үкіметке. Мынау жылдағы келе жатқан 5 млрд арқылы ҚазТрансГазАймақтың қарызын жабамыз. Ол жөндеуге емес, қарызды жабуға беріліп жатыр. Жөндеу өз ақшамызбен. Қазір біздің шығарып жатқанымыз – сегізінші турбина. Үшінші энергоблокты да өз ақшамызбен істейміз.
Мамандар кәсіпорынның ескірген құрал-жабдықты ауыстыруға техникалық-экономикалық негіздеме әзірлепті. Соған сәйкес бірінші және екінші жылу электр орталығының қазандығын, сондай-ақ №7 турбинаны жаңғырту жобасы жасалып жатыр. Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов МАЭК-тің жылыту маусымына дайындығын өз назарына алғанын айтты. Қазір энергокомбинаттағы жөндеу жұмыстары аймақ әкімдігі мен мемлекеттік уәкілетті органдардың жіті бақылауында.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өзінің толық қуатын беру үшін бұған модернизация керек. Сондықтан бұл жұмыстарды жасау үшін қазір жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Үлкен қаржы керек. Жобамен кемінде 15 млрд-тай әр блокқа ақша керек. Бұл – тек қана электр энергиясын шығаратын бағыт. Енді басшылықтың айтуы бойынша егер жобалық-сметалық құжаттар уақытында жасалып, қаржысы уақытында бөлінсе, алдағы 2-3 жылда МАЭК өзінің қуатын жобамен 30-42 мың мыңға дейін куб су тұщыту мүмкіндігін бере алады.
Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты деп аталса да, кәсіпорын уран орнына көгілдір отын тұтынады. Теңіз суын тұщыту, қайнатып, буға айналдыру арқылы ток, жылу өндіруге айына 2 млрд текше метр газ жағады. Бұл ретте тұрмыстық газбен жабдықтаушы компанияға ай сайынғы төлемі 5 млрд теңгеден асады. Егер МАЭК атом энергиясын тұтынса, экономикалық тұрғыдан ол қаншалықты тиімді? Көкейтесті сауалды атом саласының маманына қойдық.
Константин Середнюк, атом саласының маманы:
- Атом электр стансысын салу газ блогы құрылысына қарағанда 2,5 есеге дейін қымбатқа түсуі мүмкін. Алайда қолданысқа берілген соң атом стансысы уран тұтынатындықтан, отынға шығын әлдеқайда аз жұмсалады. Әрі бейбіт жағдайда атомды қолдану қоршаған ортаға қауіпсіз. Айталық, көмір жағатын энергетикалық кәсіпорындар ауаны ластап жатыр.
Ғылым тілінде айтсақ, атом электр стансысы – көміртекті бейтараптық жағдайында жылдар бойы энергия алу бойынша әзірге әлемде баламасы жоқ технология. Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов елімізде мұндай стансы салмас бұрын сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл шараларын күшейту керектігін айтады.
Әділбек Қозыбақов, «ECOJER» қауымдастығы өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі:
- МАЭК көп жылдардан бері жұмыс жасап келе жатқанда, әрине, оның жөндеу жұмыстарына жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат бөлініп тұрды. Енді қазір біреулер оның атқаратын қызметін атқарып болды, тозды дейді. Соны тозды деп қарастыратын қаражатты халықтан жинаған дұрыс емес. Оған кезінде кім жауапты болды, сол қызметкерлерден, сол басшылардан соны өндіру керек деп ойлаймын. Яғни, бұл жерде кезінде қылмыс жасалғаны көрініп тұр. Ал АЭС-ке келетін болсақ, жалпы алғанда ол – экологиялық таза. Бірақ дегенмен АЭС-ке қаралған қаражат 100% мақсатты түрде игерілетініне үлкен күмәнім бар.
МАЭК өткен ғасырдың 1968 жылы құрылды. Мұндағы БН-350 реактор қондырғысы 1999 жылы қолданыстан шығарылды. Яғни, энергокомбинат мамандары атом энергиясын қолдануда 30 жылдан астам уақыт еңбек етті. Олар жиған мол тәжірибе келешек Қазақстанда атом электр стансысын салуда ескерілсе игі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.