Қостанайда заманауи сүт фермасы салынып жатыр

Қостанай облысында алдағы бір-екі жылда 6 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады.

Соның бірі – Меңдіқара ауданының Степанов ауылында салынып жатыр. Тақыр жерде тұрғызылып жатқан жаңа ферма соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталады. Сиыр сауу, азықтандыру, суғару барлығы автоматтандырылған жүйемен атқарылып, реттеліп отырады.

Степанов ауылының шет жағында осы жылдың мамыр айынан бері қызу құрылыс. Бұл жерде ауданда бұрын соңды болмаған 1200 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы пайда болады. Биыл бірінші қазанға дейін жеке бұзау, сиыр базасы және сүт сауу бөлімі салынып бітуі тиіс. Шаруашылық директоры Асылбек Айқадамовтың айтуынша, қажетті құрал-жабдықтардың барлығы жеткізілген. 

Асылбек Айқадамов, шаруашылық директоры:

- Төрт қатардан 600 сиыр сияды. Мына жерде азық беретін стол, кормовой стол, осы жерде автоматтандырылған жем шашқыш таратып отырады. Сосын мұнда температура тұрақты сақталуы керек. желдеткіштер болады. Температура өзі қосылып, өзі өшіріліп тұрады.

Жазық далада бастан-аяқ жоғары технологиялы ферма салу таңсық дүние екендігін тәжірибелі мердігер де мойындап отыр.

Хачик Аракелян, бас мердігер:

- Талай құрылыс нысандарын тұрғыздық. Ал мынандай заманауи мал базалары ілуде бір кездеседі.

Жалпы бұл жобаның құны 6,5 миллион тенге. Оның 3,8 миллионын екі жарым процентпен мемлекет беріп отыр. Мал ақшасы да төленіп қойған. Алғашқы 600 буаз қашар Даниядан алдағы бір-екі аптада жеткізіледі. Қыс айлары сүт ала бастаймыз –дейді шаруашылық басшысы.  

Асылбек Айқадамов, шаруашылық директоры:

- Жоспар бойынша бір жылда тоғыз мың тонна сүт аламыз. Өзіміздің есебіміз бойынша, шамамен бес-алты жылда ақша қайтарылады деп ойлап отырмыз. Бірінші жылы әрбір сауын сиырдан 27 литр сүт аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Қазіргі кезде Қостанай облысында 60 тауарлы-сүт фермасы бар. Соның 13-і ірі. Бір-екі жылда олардың қатары тағы алтауға толығады. 

Аслан Молдаш, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Агроөнеркәсіп кешенін несиелеу бойынша 15 миллиард сома қаражат бөлінген болатын. Сол бағдарлама аясында 6 сүт фермасын жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпы инвестициялық жобаның суммасы 23 миллиард теңге. Сосын 188 жаңа жұмыс орынын ашу жоспарлануда.

6 сүт фермасының қуатын мына мәліметтен аңғаруға болады. Егер қазір облыста жылына 84 мың тонна сүт өндірілетін болса, жоғары да айтылған жобалар толық іске асқанда ол 40 процентке артады. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы