Экономикалық серіктес. Қытай күшейіп, Ресей әлсіреп барады
Қытай жарты жылда Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды. Мәселен 6 айда экспорт көлемі 17 пайызға өсіп, 7,3 млрд долларға жетті.
Ал Ресейге экспорт көлемі керсінше 20 пайызға төмендеді. Теріскейдегі көршіміз қаңтар-маусым айларында 4,3 млрд доллардың өнімін сатып алған. Бұған не себеп?
Қытайға экспорттың көбеюі әрине екі ел арасында жасалған келісімдер санының артуымен байланысты.
Экспорт 2,1 пайызға өсті
Биылғы жылдың алғашқы жартысында экспорт көлемі 2 пайызға өсті.
Сауда айналымының басым бөлігі экспортқа тиесілі. Экспорттық тауарлар арасында мұнай, уран, мыс катодтары мен мыс кендерінің орны ерекше. Үкіметтің жоспары бойынша жақын жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 1 пайыздан асады. Яғни 2029 жылға қарай 6,6 пайызға жетеді деген болжам бар. Соған сәйкес тауар экспорты да ұлғаймақ. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында айтты.
Нұрлан Байбазаров, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Болжам бойынша тауар экспорты 2025 жылы 82,3 млрд долллардан 2029 жылы 90 млрд долларға дейін өседі. Импорт 61,3 млрд доллардан 67,5 млрд долларға дейін өседі. Сауда балансының оң сальдосы орташа есеппен 22,7 млрд доллар болады.
Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарында Қытай, Ресей мен Еуропалық Одақ елдері көш бастап тұр.
6 айда Қытайға экспортталған тауар көлемі рекордтық межеге жетті. Яғни жарты жылда экспорт сомасы 7 млрд доллардан асты. Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 17 пайызға өсті. Қытай бізден химиялық өнімдер, металл мен азық-түлік тауарларын көптеп сатып алып жатыр.
Теңге құны сұранысқа қарай өзгереді
Тағы бір ерекше тоқталатын мәселе, валюта бағамы. Ұлттық банктің бекіткен бағамы бойынша 1 доллар – 481 теңге 63 тиын. Ал еуро 534 теңге 46 тиынға саудаланады. Қытай юані – 67 теңге 92 тиын сомасында болса, Ресей рублінің құны 5 теңге 28 тиын деңгейінде бекітілді.
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, теңгенің құны сұранысқа сәйкес арзандауы немесе қымбаттауы мүмкін. Дегенмен, Үкімет бекіткен дәлізден ауытқу болмайды.
Айбар Олжай, экономист:
- Негізі Үкімет 470-480 параметрін бюджетке салып қойған. Сондықтан оның барлығы есебі бір-біріне келіп тұр бюджеттік жоспарда. Егер теңге қатты күшейіп, доллар арзандап кететін болса, онда біз керісінше Ұлттық қордан көбірек конвертация, доллар алып, шығындауға тура келетін болады. Өйткені бізге мысалы трансферттік, гарантиялық трансферт 3,6 трлн десек, 4,5 трлн десек, соның барлығын теңгеге ауыстырамыз ғой. Сол кезде біз Ұлттық қордан көп доллар жоғалтамыз. Доллар сәл қымбаттау болса, керісінше Үкіметке жеңілдеу. Өйткені Ұлттық қордан олар азырақ доллар жұмсайтын болады 2 трлн теңгені алу үшін. Сондай Үкіметтің де өзінің балансқа деген ұмтылысы бар. Белгілі бір коридор аясында жұмыс істейді. Менің ойымша, теңге сол коридор аясында болатын сияқты.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ