Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі жоғары – Тоқаев
Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай ахуалдың нарықтағы теңдік шарттарын бұзып, жеке бастамаларға тосқауыл болатынын айтты.
Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек. «Ең бастысы – салынған қаржы ел игілігіне жаратылуы қажет», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – шын мәнінде ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады.