Тоқаев: Ел дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн
Еліміздің өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Мемлекет басшысы Үкімет және әкімдерге экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аудару қажеттігін тапсырды.
«Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Азаматтардың табысын арттырып, жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз. Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни, былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты.