Бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту үшін үздіксіз жұмыс істеу қажет – Тоқаев

«Дәл осы жерде және дәл қазір». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында елге инвестиция тарту мәселесінде осы қағиданы берік ұстану қажеттігін айтты, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды. Себебі, дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұр. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

«Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын.