Президент: Орта бизнестің экономикадағы үлесін 15%-ке жеткізу керек
Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ке жеткізу керектігін қадап айтты, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – Үкімет алдындағы маңызды міндет. Қазірдің өзінде орта бизнестің елдегі жалпы үлесі 7% шамасында. «Бүгінде отандық кәсіпкерлерді қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бірақ одан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін», - дейді Президент. Сондықтан бизнес өкілдеріне ұсынылатын жеңілдіктердің бірқатар тізімін әзірлеп, мемлекеттік қолдаудың қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеру керек екенін де айтқан Қ.Ж.Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70%-і – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады.