Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылданады

Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады, деп хабарлайды 24kz.

Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану мен ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Президент еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шараларды қабылдау қажеттігіне де тоқтады. Аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылды. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс. Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет.