Тоқаевтың тапсырмасы. Жаңа заң банк жүйесіне жайлы бола ма?
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері банктер 1 трлн 38 млрд теңге табыс тапты.
Қаржы ұйымдары бұл пайданың басым бөлігін тұтынушылық несие беру арқылы алып отыр. Яғни банктер экономиканың нақты секторына инвестиция салмайды.
Бұл туралы Президент кешегі Жолдауында айтты. Алдағы уақытта осы мәселені шешу бойынша арнайы заң қабылдануы қажет.
Иә, Президент Үкімет пен Ұлттық банкке банктерді экономика салаларына тарту бойынша тапсырма берді.
Банктер туралы жаңа заң қажет
Қазақстанда табыс тауып отырған банктер экономикаға қаржы салуға тиіс. Президенттің айтуынша, ол үшін банктер туралы жаңа заң қажет. Қазір қолданыстағы заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Бұл құжат бүгінгі күннің мәселелерін шешуге қауқарсыз. Соның салдарынан банктер нақты секторға тиісті деңгейде несие бермей отыр. Сонымен қатар, банктер тауып отырған пайдасына сәйкес салық төлеуі керектігін де айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды.
Банктер бизнеске қаржы салуға тиіс
Экономикалық сарапшы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, отандық банктер бизнеске қаржы салуға құлықсыз.
Яғни экономикаға ақша салмай-ақ, тұтынушылық несие беру арқылы көл-көсір пайда табуға бейімделген. Алдағы уақытта бұл әдістен бас тарту керек дейді сарапшы. Қиын-қыстау кезеңде мемлекет көмегіне сүйенген банктер енді халықтың да қамын ойлауға міндетті.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Банктерге қандай да бір әлемдік дағдарыс, азиялық дағдарыс, ипотекалық дағдарыс болған кезде Ұлттық қордың қаражаты арқылы үлкен қолдау көрсетілгендігі белгілі. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қай уақытта көрінеді, яғни, сол кезінде алған қолдаудың қайтарымы болуы керек. Ал қайтарымының өзін жаңағыдай осы дұрыс несиелік саясатты ұсына отырып экономикаға қозғаушы күш беретін кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің салаларын несиелендіру арқылы болуын нақты айтып отыр деп айтуға болады.
Банктер жыл басынан бері ₸1,38 трлн табыс тапты
Президент айтып өткендей, қазір отандық банктердің жағдайы жақсы.
Жыл басынан бері 1 трлн 38 млрд теңге табыс тапты. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім – 12 пайыз. Ал шілде айында банктер 230 млрд теңгеден астам таза пайда көрген. Бизнеске қаржы жұмсамай-ақ байып отырған банктердің ендігі қадамы қандай болмақ?
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Егер де өзінің болашағын, бизнесін, кәсібін осы елмен байланыстыратын банктер үшін бұл керісінше үлкен мүмкіндік. Қазақстанның Үкіметінің жасап отырған жағдайы бизнестік ортаға, инвестициялық климатқа жасап отырған жағдайы басқа да біз сияқты дамып келе жатқан мемлекеттерден анағұрлым жоғары. Осындай мүмкіндікті керісінше тиімді пайдаланып, бір жағына шыға отырып, экономиканы қозғаушы күшке айналдыру керек. Экономика дамыған сайын банктердің де кәсібі дөңгелейтіндігін түсінуі керек. Сол арқылы халықтың төлем қабілеттілігі артатындығын, сол арқылы қайтарылмай жатқан қаржының да қайтарылу ретінің тез болатындығын түсіну керек.
Сөз соңында валюта бағамы туралы. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллар 90 тиынға қымбаттап, 482 теңге 53 тиынға бағаланды. Ал еуро керісінше арзандады. Бүгінгі құны – 533 теңге 77 тиын. Қытай юанінің құны айтарлықтай өзгерген жоқ. 67 теңге 84 тиын. Ресей рублі сәл қымбаттап, 5 теңге 41 тиын сомасында тұрақтады.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ