«Жайлы мектеп»: Жыл соңына дейін 164 нысан салынады

Қаржылық мониторинг агенттігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға бөлінген қаржының орынды жұмсалуын тексерген.

Осы орайда агенттік өкілдері «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамымен кездесу өткізді. Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жобаның іске асырылу барысы, оны цифрландыру кезеңдері және сапалы орындалуын қамтамасыз ету бойынша ақпарат берді. Агенттік жүргізген мониторинг барысында мектеп салу кезінде артық шығындардың алдын алу фактілері бары анықталды.

Дмитрий Малахов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ұлт әлеуетін көтеруде орта білім сапасының маңызын атап өтті. Әрбір оқушының жан-жақты дамып, білім алуы үшін қажетті жағдай жасалуы керек. Оны мемлекет қамтамасыз етеді. Осы орайда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Оған 2 трлн 3 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысы агенттікке осы қаржының мақсатты жұмсалуын жіті бақылауды тапсырды.

Мәулен Айманбетов, «Samruk-Kazyna construction» Ақ басқарма төрағасы:

- Жыл соңына дейін 164 мектептің құрылысы аяқталмақ. Сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды. Әзірге жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Айтарлықтай мәселе жоқ.