Сарапшы: Жаңа Салық кодексін әзірлеуде бизнеске құлақ асу керек
Халыққа қарапайым, бизнеске қолайлы, инвесторды ынталандыратын құжат. Жаңа Салық кодексіне Мемлекет басшысы осындай талап қойды.
Тіпті арнайы жеңілдік алатын бағыттарды да тізіп шықты. «Құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бірреттік салық жеңілдігін берген жөн», – деді. Соңғы жобаны жіті зерттеген сала мамандары осыған қатысты оймымен бөлісті.
Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Жалпы жаңа Жолдауда бизнес пен мемелкет арасындағы қаржылық мәслелерді реттейтін біраз мәселеле қамтылды. Соның ішінде қаржы сарапшылары Салық кодексіне үлкен жауапкершілікпен қарап, асықпай жетілдіру керек дегенмен толық келіседі. Өйткені осы жылы ұсынылған құжат жобасында қамтылған өзгерістер бизнесті құрдымға әкелер еді деп пайымдайды. 2017 жылдан бері салық кодексіне 49 рет өзгеріс енгізілгенін ескерсек, сарапшының сапалы құжат дайындауға ден қою керек дегеніне негіз бар.
Дмитрий Казанцев, қаржылық мәселелер бойынша кеңесші:
- Қаржы министрлігі соңғы 2 айда Салық кодексінің бес нұсқасын ұсынды. Сонда олар арнайы салық режимін 5 рет түбегейлі өзгертті. Егер қазір 2 миллионға жуық кәсіпкер арнайы салық режимін қолданатынын ескерсек, бұл – іс жүзінде әр іскер азаматты қамтитын құжат. Парламентке кірген нұсқада жеңілдетілген режимді қалдыратыны айтылды, бірақ ұсынылған жаңа ережелер қисынсыз деп ойлаймын. Өйткені олар бизнесті құртып жіберер еді. Өздеріңіз білесіздер, бізде кәсіпкерлердің 80% қазір бөліп төлеу әдісімен сатады, банк 10-15%, мемлекет 4-тен 12% дейін алады. Ал кәсіпкерге не қалады? Яғни, ол 30%-ті комиссияларға, салықтарға береді. Сондықтан, менің ойымша, арнайы салық режиміне байыппен қарау керек және бизнесті шынымен тыңдау керек. Сондықтан, әрине, мен Президенттің асығудың қажеті жоқ деген сөздерін қолдаймын.
«Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды», – деді Президент. Иә, Қазақстанда бюджетке түсетін салықтың 90%-ін 1700-ге жуық компания қамтамасыз етеді. Бұл қалған кәсіпкерлердің салықтық түсімі жалпы көлемнің 5-10%-ін ғана құрайтынын көрсетеді. «Жаңа Салық кодексі осы мәселелерді реттеуі тиіс», – дейді депутат Ерлан Стамбеков.
Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президент Салық кодексі бәріне бірдей түскінікті, қарапайым, бизнес пен инвестицияны ынталандыруы тиіс екенін 2 жылдан бері айтып келеді. Бірақ ұсынылған құжат жобасы осы талаптарға сай емес. Салық салудағы диспропорция шағын бизнестің дамуын ынталандырмайды, орта бизнеске жүктеме болып түседі. Ал үлкен бизнесті жер қойнауын пайдаланғаны үшін рентадан босатады. Сондықтан жаңа Салық кодексін жетілдіріп, әділетті етіп жасау міндеті тұр.
Жаңа құжаттан күтеріміз көп. Мамандардың айтуынша, Салық кодексі шикізатты терең өңдеумен айналысатын компанияларды ынталандыру керек. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өнім өндірісінде толық циклге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мұрат Әріпханов.