Үкімет басшысы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсаудың маңыздылығын атап өтті
Қазына қаражатын оңтайлы жұмсауға барынша көңіл бөлуіміз керек. Республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуді едәуір күшейту қажет. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауда айқындаған міндеттерін жүзеге асыру шаралары пысықталды. Премьер-министрдің орынбасарлары барлық сала бойынша қолға алынған шаралар жайында жан-жақты баяндады. Сонымен қандай салаларға басымдық беріледі?
Жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады. Қазынаға түсімді ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту көзделіп отыр. Қолға алынған шараларды Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров тізбектеді. Енді Ұлттық қордың қаражаты жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға ғана жұмсалады.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің отырыстары тек бетпе-бет өткізіледі. Мемлекет басшысы фискалдық саясат бойынша, оның ішінде Салық кодексінің жобасы аясында бірқатар міндет қойды, оларды шешу қажет. Салық кодексінің жобасында берешек мөлшеріне қарай мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану ұсынылады. Сонымен қатар жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады.
Жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесі белгіленеді. Кәсіпкерлер үшін салық тәртібін оңтайландыру міндеті қойылып отыр. Саланы толық цифрландыру, цифрлық теңгені пайдалану жайы да пысықталып жатыр. Елде жаңа Салық кодексі келер жылы қабылданып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану жаңа қарқынмен жалғасады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, Мемлекет басшысы атап өткендей, экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек.
Алдағы уақытта Үкімет отандық өндірушілерді қолдауды белсенді жүргізуі керек. Ол үшін кластерлік жүйе дамытылып, әр жобаны іске асырудың жоспары жаңартылады. Жасанды интеллектіні дамыту бағытында да ілкімді бастамалар іске асады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жасанды интеллект технологияларын «электрондық үкімет» платформасына имплементациялауды биылдан бастау қажет. Осы жылғы желтоқсанда жұмыстың алғашқы нәтижелерін қорытындылауға тиіспіз. Сондай-ақ 2025 жылы Ұлттық жасанды интеллект орталығын іске қосу және Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу жұмысын аяқтау тапсырылды.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік әмиян енгізіледі. Олжас Бектенов: «Президент Жолдауының іске асырылу нәтижесін қазақстандық әрбір азамат сезінуі керек», – деді.