О. Бектенов: Президент Жолдауын сапалы іске асыру қажет
Президент Жолдауын сапалы іске асыру – басты міндетіміз. Үкімет отырысында Олжас Бектенов осылай деді.
Жиында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бастысы, қазына қаражатын оңтайлы жұмсап, бюджеттің бүйірін толтыруға басымдық беріледі. Отырыста жоғары деңгейде өңделген өнім шығару тетіктері тағы бір қаралды.
Ал облысаралық және ауданаралық бағыттардағы жолдарды жөндеу жөніндегі жоспар 1 желтоқсанға дейін әзір болады. Қаражаттың жұмсалуы Бірыңғай цифрлық платформа арқылы бақыланады.
Жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады. Қазынаға түсімді ұлғайтудың қосымша жолдары қарастырылып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жіктеп айтты. Енді Ұлттық қордың қаражаты жалпыұлттық маңызы бар жобаларға ғана жұмсалады. Басқасына рұқсат жоқ. Кәсіпкерлер үшін салық тәртібін оңтайландыру міндеті тұр. Жаңа Салық кодексі келер жылы қабылданып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік-жекемекшік әріптестік тетігін қолдану жаңа қарқынмен жалғасады.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту жөнінде шаралар қабылданады. Салық кодексінің жобасында берешек мөлшеріне қарай мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану ұсынылады. Сонымен қатар жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады. Шамамен 5 млн теңге мөлшерінде берешек болған кезде кейінге қалдыру, бөліп төлеу көзделген.
Алдағы уақытта Үкімет отандық өндірушілерді қолдауды белсенді жүргізуі керек. Ол кластерлік жүйе арқылы жүргізіледі. Әр жобаны іске асырудың жоспары жаңартылады. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Үкімет басшысы бұл баршаға ортақ мақсат екенін атап өтті. Тың өзгерістердің бөлігі ауыл шаруашылығы саласына арналады. Диқандарға төмендетілген мөлшерлемемен қолжетімді несие беру тетіктері әзірленеді. Тікелей субсидиялауға екінші деңгейдегі банктер тартылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы дәйекті түрле әр мемлекеттік органдармен экономика секторлары арасында үйлесімді іске асырылуға тиіс.
Жасанды интеллектіні дамыту бағытында ілкімді бастамалар бар. Озық технологияларды «электрондық үкімет» платформасымен біріздендіру биылдан басталады. Келер жылы Ұлттық жасанды интеллект орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік әмиян енгізіледі. Заңнамаға тиісті өзгерістерді пысықтау Цифрлық даму және Еңбек министрліктеріне жүктелді. Ал Ұлттық экономика министрлігі Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды қысқа уақытта әзірлеуі тиіс. Ол Үкіметтің қарауына енгізіледі. Олжас Бектенов: «Президент Жолдауының іске асырылу нәтижесін қазақстандық әрбір азамат сезінуі керек», – деді.