Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформацияланады

primeminister.kz

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Үкіметтің қоғам үшін стратегиялық бағдары айқындалды.

Тиісінше алдағы іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Таяу мерзімге арналған тағы қандай мақсат-міндеттер бар?

Үкімет елдегі коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 50% дейін төмендетуді көздеп отыр. Ол үшін 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндаған мына мәліметтерге тоқталайын. Қаражатты 4 қаржыландыру көзінен тарту жоспарланып отыр. Бұл – Отандық және халықаралық қаржы институттары, екінші деңгейлі банктер, бюджет және Ұлттық қор қаражаты, сонымен қатар бизнес иелерінің қаржысы.

10 трлн теңге инвестиция нақты қандай бағытқа жұмсалады? Мамандар бұған дейін әр өңірде қолданыстағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын зерттеп, ауқымды талдау жүргізген. Соның аясында атқарылуы тиіс шаралар мен оған қажет қаржы көлемі алдын ала есептелді. Жылумен жабдықтау бойынша 2  мың шақырымнан астам желіні жаңғыртуға 2,5 трлн теңге қажет. Электрмен қамту бағытында 114 мың шақырымнан астам желіні жаңғырту қажет. Бұған 3 трлн теңгеден астам қаржы қажет. Одан кейін сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға шамамен 900 млрд теңге, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың қуатын арттыру үшін тағы 2,5 трлн теңгеге жуық инвестиция салу қажет.

Айта кетерлігі, Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында инвестициялық тартымдылық үшін тариф саясатына өзгерістер енгізіледі.

Иә, алда атқарылар міндет аз емес. Оған қол жеткізу үшін елде білікті кадр жете ме? Бір ғана жылу-энергетика саласының өзінде маман тапшылығы сезіледі. Бұл мәселе экономиканың барлық саласы үшін өзекті. Кеше Президент өз Жолдауында: «Кадрлық әлеуетті біртіндеп арттыруымыз керек», –деді. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтардың жылы» деп жариялады. Бұл бағытта қандай қадамдар қолға алынады?

«Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген халық сөзін Президент мысалға келтірді ғой. Маман даярлауға қатысты өзгерістермен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бөлісті. Біріншіден, елімізде өз филиалдарын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысы біріздендіріледі.

Ал отандық отандық жоғары оқу орындарының қабілет-қарымына келесі жылы тәуелсіз бағалау жүргізіледі және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін де трансформация күтеді.

 

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформацияланады

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біріншіден, осы жылдың соңына дейін өңірлер сұранысына ие кадрларды дайындау мақсатында колледждерді профилизациялау процесі аяқталады. Екіншіден, бұл салада да колледждердегі білім сапасын бағалауды жүргізіп, оларды лигаларға жіктейміз. Жоғары және орташа лигаларға енгізілген колледждер 100 технологиялық көшбасшы тізімін құрайды. Олар елімізге тартылған шетелдік жоғары оқу орындарымен жұмыс істейді. Үшіншіден, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі өзгертіледі.