Субсидия беру тоқтатылады

Таяу жылдары агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау механизмі тоқтайды.

Оның орнына жеңілдікпен несие беру тетігі енгізілмек. Аталған әдіс Президенттің тапсырмасы бойынша 2028 жылдың соңына дейін қолданысқа енуге тиіс. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені тек қана мемлекет қаржысына сүйенбеу керек. Салаға коммерциялық банктер де тартылуы қажет.

Алдағы уақытта агроөнеркәсіптің жайы не болмақ? Агроөнеркәсіп кешеніне мемлекет қамқорлығы жыл санап артып келеді. Енді бұған қаржы ұйымдары да несиелендіру арқылы атсалысуға тиіс.

Субсидияның орнын несие басуға тиіс

Агроөнеркәсіп кешеніне субсидия бергенді доғару керек. Оның орнына жеңілдетілген несие беруді енгізу қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Биыл егіс науқанына былтырғыдан екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда бұл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Сондықтан салаға коммерциялық банктерді тарту мәселесі өткір тұр. Ал мал басын жалған көрсетіп, субсидияны сауын сиырға айналдырған пысықайларды жауапкершілікке тарту керектігін айтты Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық.

Субсидиялау механизмі жойылады

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин субсидия беруден несие беруге 4 жыл ішінде көшетінін мәлімдеді.

Ол үшін нақты іс-шаралар қамтылған жол картасы бекітілді. Биыл көктемгі егіс науқанына арналған жеңілдетілген несие көлемі екі есе ұлғайды. Шаруаларға мемлекеттен 580 млрд теңге бөлінді. Келесі жылдан бастап салаға екінші деңгейлі банктер де тартылады. Осылайша егіс және орақ науқандарын қаржыландыру сомасын 1 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ал Президент айтқан санда бар, санатта жоқ мал басы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі дейді вице-премьер.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары

- Жалпы экономиканы ырықтандыру туралы Жарлыққа сәйкес тауарлық-спецификалық субсидияларды жеңілдетілген кредит беруге көшіру 2028 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен 2023 жылдың басынан бері 2 млн бас ірі қара мал, 3,2 млн бас қой мен ешкі, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Есептен шығарылған мал басының негізгі үлесі қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Қосымша 2,5 млн тонна дәнді дақылдарды, 2 млн тоннаға дейін картопты және 300 мың тоннадан астам пиязды есептен шығару жоспарлануда.

Бидай мен алма импортына тыйым салынды

Үкімет ішкі нарықты қорғауға сергек қарап отыр. Қазір елде бидай қоры мол.

Оның үстіне бидай түсімі орта есеппен гектарына 15 центнерден айналып отыр. Және былтырғы жылдан қалған 6 млн тоннадан астам бидай қоры бар. Бұл елдегі сұраныстан артық дейді жауапты министрлік. Жыл басынан бері 1 млн тоннадан астам бидай импорттаған Үкімет енді жыл соңына дейін сырттан астық алудан бас тартып отыр.

Ішкі нарықты қорғау және кері экспорттау фактілерін болдырмау мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында  Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бидайдың транзитін,  сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына орын ауыстыруын қоспағанда,  2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бидайды Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылданды – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сонымен қатар келесі жылға дейін шетелден алма әкелуге де тыйым салынды. Биыл 300 мың тонна алма жиналады деген болжам бар. Жылдағыдан 18 пайызға артық. Бұл ішкі нарықты жабуға жеткілікті дейді жауапты министрлік.

Айта кетейік, жарты жылда нарықтағы импорттық алма үлесі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 36 мың тоннаға артып, 94 мыңға жуықтады. Ал экспорт керісінше екі есе азайып, 3 400 тонна болды.

Алма импорты

2024 жылдың І жартыжылдығы – 93  936,4 тонна

2023 жылдың І жартыжылдығы – 57 466,2 тонна

Алма экспорты

2024 жылдың І жартыжылдығы – 3 474,8 тонна

2023 жылдың І жартыжылдығы – 6 945,1 тонна

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллар сәл қымбаттап, 482 теңге 74 тиынға бағаланды. Ал еуро керісінше 1 теңгеге арзандады. Бүгінгі құны – 532 теңге 70 тиын. Қытай юанінің құны айтарлықтай өзгерген жоқ. 67 теңге 79 тиын. Ресей рублі үш тиынға қымбаттап, 5 теңге 44 тиын сомасында тұрақтады.

Нұрқанат Қанапия, 24.KZ