Қазақстанда Азия - Тынық мұхиты конференциясы өтіп жатыр

Астанаға 30-дан астам елден IT саласының мамандары келді, деп хабарлайды 24KZ.

Олар бүгін Орталық Азиядағы цифрлық инклюзив және трансформация жөніндегі Азия - Тынық мұхиты министрлік конференциясында бас қосты. 3 күнге созылатын форумда еліміздегі озық цифрлық әзірлемелер мен стартаптар ұсынылады деп жоспарланған.

Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды шараға Біріккен Ұлттар Ұйымы Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мұрындық болды. Оның дәл біздің елде өтуін осы ұйымға мүше мемлекеттің барлығы қолдаған. Бүгінде Қазақстан онлайн қызмет көрсету саласындағы әлем көшбасшыларының ондығына кіреді. Тұрғындар қазір бұл қызметтердің 90%-ін бір ғана ұялы телефон арқылы алып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Комиссия Азия - Тынық мұхиты өңірінде экономикалық өркендеуге, әлеуметтік әл-ауқатқа және экологиялық тұрақтылыққа ықпал етуде шешуші рөл атқарып келе жатыр. Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар экономикалық өсуді қамтамасыз ете отырып, миллиондаған адамға бизнес, білім беру және денсаулық сақтау саласында жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік беріп отырғанын айтты. Сондықтан біз бұл бағыттарды белсенді түрде дамытуымыз қажет.

Армида Салсия Алишахбана, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, АТМЭӘК атқарушы хатшысы:

- Цифрландыру қалыпты жағдайға айналды. Ол біздің экономикамызды өзгертеді. Құндылық құрудың жаңа мүмкіндіктерін ашады және орнықты дамудың негізгі міндеттерін шешуге көмектесетін қоғамдық құрылымдарды өзгертеді. Алайда цифрлы трансформацияны бұрын-соңды болмаған күрделі және белгісіз экономикалық, экологиялық, сондай-ақ әлеуметтік тәуекелдермен байланыстыруға болады.

Арнайы алаңда цифрлық көрме ұйымдастырылды. Онда жаңа IT-жобалар, соның ішінде мемлекеттік қызметтерді сандық жүйеге көшіру бойынша ұсыныстар таныстырылды. Мәселен, «eGov mobile» порталында жасанды интеллектінің көмегімен 1200 қызмет туралы кез келген сұрақтың жауабын алуға болатын жобаны ерекше атап өту керек.  

Дмитрий Мун, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының м.а.:

- Сұрақты жазу арқылы жасанды интеллектінің көмегімен қажетті жауап алуға болады. Мысалы, егер менің балам дүниеге келсе, мен арнайы чатқа жазу арқылы одан «не істеу керек?» деп сұраймын. Ол ChatGPT секілді маған жауап береді. Яғни кез келген құқықтық мәселеге немесе өзге де өмірлік жағдайларға байланысты сауал жолдауға болады. Бұл – жасанды интеллектінің игілігі.

Жасұлан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Еліміздегі стартап жобалар ІТ-қызметтердің эскпорты арқылы халықаралық нарықтарға шыға алады. Осы конференцияда біз үлкен маңызға ие бірқатар меморандумдарға қол қоямыз. Яғни өзге елдердің тиісті министрліктерімен және шетелдік «Амазон кайпер» секілді алпауыт технологиялық компаниялармен келісімге келеміз. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Конференция барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының комиссиясы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы цифрлық трансформация бойынша баяндама ұсынды. Онда ІТ саласының мүмкіндіктері айқындалған. Яғни ол өнеркәсіп, сауда және ауыл шаруашылығы салаларын ғана дамытып қоймай, табиғи апаттар қаупін азайтып, климаттың өзгеруіне әсер етеді екен.

Шерзод Шерматов, Өзбекстан цифрлық технологиялар министрі:

- Тек Өзбекстан мен Қазақстан емес, басқа да Орталық Азия елдерін біздің аймаққа көбірек халықаралық ІТ компанияларды тарту үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Осылайша, цифрландыру саласындағы ынтымақтастық нығая түседі. Өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасу маңызды.

Азия - Тынық мұхиты министрлік конференциясы тағы 2 күнге жалғасады. Оның аясында ІТ саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды келісімдерге қол қойылады. Сондай-ақ Цифрлық даму министрі Жасұлан Мадиев 20-дан астам елдің өкілдерімен кездеседі.

Авторлары: Альмира Оразбай, Айдос Меделбеков.