Қазақстан-Қытай жүк тасымалы ұлғайды. LIVE
Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы жүк тасымалы ұлғайды.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көлемі 12,6 пайызға өскен. Бұған қос тараптың қабылдаған бірқатар оңтайландыру шараларының арқасында қол жетіп отыр. Қазақстан мен Қытай арасын жалғап тұрған қанша көлік дәлізі бар? Қазіргі кезде еліміздің жүк тасымалының әлеуеті қандай?
Қазақстан – нағыз тоғыз жолдың торабы. Еліміздің аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде бесеуі – теміржол, қалғаны – автомобиль дәлізі. Еліміз арқылы өзге елдерге екі ай жүретін жүкті, екі аптада жеткізуге мүмкіндік бар. Бүгінде әсіресе теміржол тасымалы жоғары сұранысқа ие.
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі қарқынды өсіп келеді. Бір ғана теміржолдың өзімен 7 айда тасымалданған жүктің көлемі 19 миллион тоннаға жуықтады. Соның ішінде Қытайға экспорт 1,2 млн тоннаға артқан. Тек көмір тасымалының өзі биыл 5 есе өскен. Ал Қазақстан аумағынан транзит арқылы өтетін жүк 11,2 пайызға көбейді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тарихи рекордтық деңгейге жетеді деген болжам бар. Бұған инфрақұрылымды жетілдіріп, екі ел арасындағы кедендік, шекаралық ынтымақтастық байланыс пен құжат рәсімдеу тиімділігінің артуы ықпал етіп отыр.
Жалпы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы ең ірі теміржол порттары Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданында орналасқан. Қорғас пен Алашанькоу өткелдері арқылы биыл 10 мың жүк пойызы өтті. Қытай теміржол компаниясының ресми мәліметіне сай, бұл көрсеткіш 9 пайызға өскен. Қазіргі кезде бір ғана Алашанькоу өткізу бекеті 120 бағытта қызмет көрсетеді. Осы арқылы әлемнің 21 елі мен аймағын байланыстырып тұр. Ал Қорғас порты 18 елді 85 бағытта байланыстырады.
Юй Джун, Қорғас станциясының қауіпсіздік жөніндегі орталықтың директоры:
- Біз қазақстандық тараппен тығыз жұмыс істеп келеміз. Кедендік, шекаралық инспекциямен оңтайлы байланыс орнаған. Осының арқасында кіретін және шығатын жүк пойыздарының қозғалысы, құжаттар айналымы тиімді ұйымдастырылып отыр. Жылдың басында тек біздің станция арқылы өтетін пойыз саны 600 болған. Қазір 780-ге жетті. Көлемі күннен күнге артып келеді.
Қазір елімізде негізгі күш транзитті кеңейтуге бағытталып отырғаны белгілі. Көлік-логистикалық кешенді дамытуға 35 млрд доллар инвестиция тартылған. 13 мың автожол жаңғыртылып, 2,5 мың шақырым теміржол салынды. Осының арқасында жүктің көлемі еселеніп отыр. Енді екі елдің көшбасшылары арасындағы уағдаластықтарды іске асыру және көлік ынтымақтастығы саласындағы өзара іс-қимылға серпін беру мақсатында Қазақстан мен Қытай шекарасында "Аягөз-Тачэн" үшінші теміржол өткелін ашу жоспарда.
Қазір құрылысы жүріп жатыр. Екі деңгейлі теміржол Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын жылына 28 миллион тоннадан 48 миллион тоннаға дейін арттырылғалы отыр. Оның Қазақстан аумағындағы бөлігінің құрылысы 2027 жылы аяқталуы тиіс. 1300 шақырымдық теміржол желісі екі шекара өткелінің кептелісін азайтады. Осының арқасында еліміздің әлемдік саудадағы қауқары артып, миллиондаған тұтынушылар үшін жаңа нарықтар ашылды.
Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ, ҚХР