Қазақстан-Қытай барыс-келісі артты

Әсіресе Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына баратын саяхатшылар көбейді.

Бір ғана Қорғас бекетінен өтетін жолаушылар саны қаізрдің өзінде тәулігіне 34 мыңнан асып отыр. Қытайлықтардың дені қазақстандық сапалы өнімдерді алуға құмар.

Визасыз режим шекара маңындағы туризмге жаңа дем берді. Талап өзгергелі екі жақтан да саяхаттаушылар саны күрт өскен. Сауда-саттық көлемі артты. Қорғас шекаралық ынтымақтастық орталығында 40-тан астам елдің мыңға тарта тауар түрі саудаланады. Онда қытайлық тараптан басқарылатын 2000 дүкен бар. Оның 200-і баж салығынсыз жұмыс істейді. Мұнда сауда жасап жүрген қазақстандықтар ғана емес, қытайлықтар да көп.

Лина Нуруаси, Синьюань уезінің тұрғыны:

- Мен бұл жерге көп мөлшерде шоколад сатып алу үшін келдім. Қазақстанның шоколадтары өте дәмді, әрі таза. Сыртқы қаптамалары да тартымды. Сыйлық ретінде ұялмай беруге болады.

Шан Синжуй, Цинхуа университетінің студенті:

- Ұстаздардан құралған еріктілер тобымен бірге алғаш рет келуім. Екі ел арасындағы барыс-келіс дәл осы жерде қызып тұр. Мұнда Қазақстанның дәстүрімен танысып қана қоймай, әлемнің көптеген елінен келетін тауарды бажсыз сатып алуға болады. Өте ыңғайлы.

Қорғас бекеті арқылы өткен адам саны кейінгі 7 айда 4 миллионға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 81 пайызға көп. Қытайдың Қорғас шекара қызметінің мәліметіне сай, бүгінде қазақ-қытай шекарасы арқылы тәулігіне 34 мың адам кіріп-шығады.

Ян Кан, Қорғас шекаралық бақылау бекеті кезекші тобының жетекшісі:

- Әсіресе таңғы уақытта қарбалас болады. Ұзын-сонар кезек қалыптаспас үшін жедел тексеріп өткізу қызметі тартылады. Егерде ауқымды іс-шаралар мен кешенді көрмелер өтетін болса, алдын ала жазылу жүйесін іске қосамыз. Бұл қауіпсіздік пен жолаушылардың кедендік рәсімдеуден кедергісіз өтуне мүмкіндік береді.

Қазір қытай тарапы кедендік рәсімдеу тиімділігін жетілдіріп жатыр. Қосымша 22 тексеру, қадағалау орны әзірленді. Олар жолаушылар ең көп өтетін уақытта іске қосылады.

Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ, ҚХР