АЭС құрылысы. Ақырғы сөзді халық айтады

6 қазанда – Қазақстан халқы атом электр станциясына қатысты таңдау жасайды.

Елдегі энергия тапшылығын шешуді көздейтін жобаның жүзеге асуы – көпшіліктің қалауымен шешіледі. Қазір бұл мәселе қоғамда талқыланып жатқан басты тақырыпқа айналды. Тараптар АЭС құрылысына қатысты қандай уәж айтып отыр?

Бұл мәселе қазір қоғамның қызу талқысында. Құптайтындар да бар, көңілі күпті болып жүргендер де бар.

2035 жылы 26,5 гвт энергия қажет болады

Қазір елдегі электр энергиясының 66 пайызын көмір станциялары өндіреді. Ал 6 пайызын жаңартылатын энергия көздері беріп отыр.

Энергетика министрлігінің болжамына сүйенсек, 10 жыл ішінде энергияға сұраныс күрт өседі. Яғни сағатына 152 млрд киловаттан асуы мүмкін. Ал ол кезде елдегі қуат көздері 135 млрд киловатқа дейін төмендейді деген болжам бар. Жетіспейтін энергияның орнын толтыру үшін қосымша өндіруші қажет. Қазір қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту бойынша 22 инвестициялық келісім жасалды. Алайда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл жобалар экономиканың сұранысын толық жаппайды дейді.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Цифрландыру, көлікті электрлендіру және энергияны көп қажет ететін салалардың өнімдерін тұтынудың өсуі сияқты жаһандық трендтер таза және жоғары тиімді энергия көздерін енгізуді талап етеді. Қазірдің өзінде өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, медицина, фармацевтика және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты секторларда жаңа жобаларды іске асыру үшін электр энергиясының едәуір көлемі қажет. Сарапшылардың бағалауы бойынша 8 гигаваттан артық энергия керек. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қабілетті. Алайда олардың дамуы қазір елдегі энергия қуатының жетіспеушілігімен шектелуде. Егер жаңа тұрақты энергия көздерін – жаңартылатын, реттеуші және базалық қуаттарды салу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін.

Су реакторы – қауіпсіз

АЭС-ті салған соң оны жүргізетін маман қажет екені белгілі.

Алайда отандық ғалымдар бұл мәселеге келгенде алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Осы уақытқа дейін елдегі үш орталық 5 мыңнан астам ядролық физика маманын даярлап шығарды. Сондықтан атом электр станциясына қажет 2 мың маманды оңай табуға болады дейді олар. Ал жалпы құрылыс кезінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады екен. Сондай-ақ АЭС құрылысына келгенде көпшіліктің алаңдайтын тағы бір мәселесі – қауіпсіздік.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры

- Жалпы Қазақстанның таңдап отырған су-су энергетикалық реакторы, жаңа әріптесім айтып өтті, ең алғашқысы 1957 жылы салынған. Міне, сол 67 жылдың ішінде 415 реактор жұмыс істеп тұр, соның 200-ден астамы су-су реакторы. Оның бәрі осы 67 жылда бірде бір рет оқиға болған емес. Штаттық режимде жұмыс істеп келе жатыр. Бұл қауіпсіздіктің бір белгісі.

Әрине атом электр станциясының құрылысына қатысты соңғы сөзді халық айтады. Референдумға дейін бір ай мерзім бар. Осы бір ай ішінде бұл жобаны жан-жақты қарап, ой безбенінен өткізу – ортақ міндет.

Сөз соңында валюта бағамы туралы ақпарат бере кетсем. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллар сәл қымбаттады. Бүгінгі құны – 483 теңге 57 тиын. Еуро да қымбаттап, 534 теңге 49 тиынға бағаланды. Қытай юанінің құны 68 теңгеге жуықтады. Яғни 67 теңге 95 тиын. Ал Ресей рублі сәл арзандап, 5 теңге 41 тиын сомасында тұрақтады.

Нұрқанат Қанапия, 24.KZ