Сарапшы: Орталық Азияның атом энергиясына қызығушылығы жоғары

Францияда елдегі барлық атом алаңында ең қуатты реакторды іске қосу процесі басталды.

3 айдан соң жаңа Фламанвилль атом электр стансысы энергия өндіруге кіріседі. Ал Швейцария билігі бұған дейін стансы салуға жарияланған тыйымды алып тастап, референдум өткізуге уәде берді. Кения үкіметі де алғашқы атом электр стансысының құрылысын жүргізетінін мәлімдеді. Бұл әлем елдерінде атом энергетикасы саласы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Атом энергиясы тақырыбы күн өткен сайын қыза түсіп жатыр. Бүгінде әлемде 440 реактор электр энергиясын өндіреді. Оларға жобалау және жоспарлау кезеңіндегілерді қоссақ, бұл сан тіпті көбейеді. Франциядағы ASSYSTEM атом энергетикасы компаниясының бас директорының орынбасары Стефан Обарбье: «Салаға деген ерекше қызығушылық халықаралық сарапшылар үшін қалыпты саналады», – дейді.

Стефан Обарбье, ASSYSTEM компаниясы бас директорының орынбасары:

- Орталық Азияның қос алып мемлекеті Қазақстан мен Өзбекстан атом энергетикасына ерекше ден қойып жатыр. Еуропа мен Орталық Азияның алтын көпірі саналатын Түркия да ондаған жыл бұрын АЭС-ке қатысты өз таңдауын жасаған. Қазір Аккуюда 4 энергоблок құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы ол толық іске қосылады. Егер Орталық Азия аймағына Түркияны да қосар болсақ, АЭС бұл өңірде қарқынды түрде дамиды. Айта кету керек, атом энергетикасы экономикасы төмен, халқы аз қоныстанған елге қарағанда энергияны көп тұтынатын алпауыт мемлекеттерде жылдам өріс алады.

Стефан Обарбьенің энергетика саласында халықаралық тәжірибесі мол. Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізу қолайлы. Елдің атом индустриясы, заңнамалық базасы, отын өндірісі жақсы жолға қойылған. «Ең бастысы, энергия тұтыну бойынша сұраныстың артуы экономикалық сектордың дамуына жол ашып отыр», – дейді Обарбье. Сарапшы, сондай-ақ Қазақстанның атом электр стансысы құрылысын сапалы жүргізуге қауқары жететінін айтады. 

Стефан Обарбье, ASSYSTEM компаниясы бас директорының орынбасары:

- Әр мемлекетте АЭС-ті бақылаушы орган болуы керек. Ол қадағалаушы мекеме болып қана қоймай, атом электр стансысына қызмет көрсететін оператордан да тәуелсіз болуы тиіс. Бұл Атом энергиясы жөніндегі халықаралық ұйым шартының талабы. Ол реакторларға көрсетілетін қызметтің қауіпсіз екеніне сенімді болу үшін қажет.

Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты референдумды өткізу осы секторда ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды қадамы саналады. Ал сала мамандары бейбіт атомның Орталық Азиядағы энергия тапшылығы сияқты өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізетініне сенімді. 

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова.