«Астана» ХҚО әлемнің ірі компанияларымен ынтымақтастық орнатты

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді.

Орталықтың әлеуеті жылма-жыл артып келеді. Қазірдің өзінде инвестициялық хаб АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Президент қаржы орталығына Үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығын арттыруды тапсырды. Бұл ел экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы бүгінде әлемнің ірі компанияларымен табысты ынтымақтастық орнатты. Олардың көбі қазір орталықтың экожүйесін дамытуға зор үлес қосып отыр. Президентке бұл компаниялардың басшылары инвестициялық жобалар, даму жоспарлары туралы мәлімет берді. Отырысты ашқан Мемлекет басшысы жаһандық капитал нарығындағы қарқынды өзгерістерге тоқталып, жаңа халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасуы, қаржы ағынын қайта бөлу жайында айтты. Президенттің пікірінше, қазіргі сын-қатерлер мен өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда Мемлекет басшысы елдің орнықты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз етудегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөліне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Салыстырмалы түрде алсақ, қысқа мерзім ішінде АХҚО айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Инвестиция тарту үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Оның аймақта баламасы жоқ. Инвесторларымызға қолайлы салық, виза және еңбек режимі ұсынылды. Әр инвесторды жеке және кешенді қолдау қағидалары енгізілді. Әділ әрі бейтарап сот жүйесі құрылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғынына қолжетімді болды.

Мемлекет басшысы АХҚО алдында аймақтағы табысты қаржылық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндеті тұрғанына назар аударды. Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, Президент ел экономикасына одан әрі инвестиция тартудың маңызын және инвестициялық экожүйені жақсарту қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының ірі компанияларымен инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі АХҚО-ның инвестициялық әлеуетін және Қазақстан экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Орталық Үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығын жандандырып, реттеуші базаны жетілдіруді жалғастыруы қажет.

Қазір азаматтардың зейнетақы жинағының 50%-не дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушыларға беру бойынша жұмыс басталды. «Осы орайда зейнетақы активтеріне шетелдік инвестициялық басқарушы компаниялардың қол жеткізуіне мүмкіндік беру жайын ойластыру қажет», – деді Президент. Сонымен қатар жеке қазақстандық компанияларды ашық алаңға шығаруды ынталандырудың маңыздылығына назар аударды. Ал бұл үшін келесі басымдық – бекітілген «ойын ережесін» қатаң сақтауға баса мән беру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституциялық заң кепілдік берген АХҚО-дағы салық режимі орталықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Ол жаһан инвесторлары үшін Қазақстаннның тартымдылығын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бұл – біздің тұрақты ұстанымымыз, одан бас тартпаймыз.

Іс-шарада АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров инвестициялық хабтың қол жеткізген табыстарына тоқталды. Алдағы мақсат – орталық қатысушыларының қатарын ұлғайтып, оның құқықтық, қаржылық әлеуетін арттыру.

Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- 2018 жылдан бері орталық институционалдық мекемеден халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған хабқа айналды. Тиісінше үлкен жетістіктерге жетті. Аймақтағы жетекші қаржылық орталығы мен инвестициялық хаб бола тұра, біз бұл қаржылық орталықтың қайталанбас үлгісін ойлап таптық. Ол құқығы мен басқару жүйелері қорғалған әрі тәуелсіз, елдің қаржы нарығына толық кіріктірілген озық әлемдік тәжірибеге негізделген.

Мэлдон Лорды Бернетт, «Астана» ХҚО сотының төрағасы:

- Халықаралық арбитраж орталығының құрамында беделі жоғары 50-ден аса арбитр мен медиаторлар бар. Сот жүйесінің дербестігі заңмен қорғалған. Сот осы күнге дейін 131 шешім шығарды. Тараптар арасындағы медиация бойынша 3 мыңнан астам үкім мен келісім жарияланды.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет екеніне тоқталды. Түрлі мемлекеттік сақтандыру қорлары табиғи апаттардың салдарымен күресуге қолдау көрсетуі керек. «Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, Орталық юрисдикциясында осы мақсаттағы қор құру мәселесін жан-жақты зерттеуі керек», – деді Президент.

Авторлары: Қуандық Танабас, Мирлан Алтынбек.