БҚО-да мал азығы дақылдарының алқабы ұлғайды
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартып, әр ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу жөнінде Жолдауда берілген тапсырма батысқазақстандық шаруалардың көңілінен шығып отыр.
Өйткені облыстың оңтүстігінде бүгінде мал азығын дайындау үлкен проблемаға айналды. Қуаңшылық пен қаптаған қалың киіктің кесірінен екі ауданда төтенше жағдай жарияланып, шалғайдан шөп тасымалданып жатыр. «Тығырықтан шығу үшін келешекте мал азықтық дақылдар егуге мемлекет көмегі керек», – дейді шаруалар.
Орал өңірі – еліміздегі ең малды аймақтың бірі. Облыста 1 миллионнан астам ірі қара, 350 мың жылқы, 2 миллиондай қой-ешкі бар. Содан да шығар жыл санап мал азығы дақылдарының алқабы артып келеді. Мамандар бұл орайда шаруаларға екпе шөптің ерекшеліктерін айтып, кеңес беріп жатыр.
Төлеген Бөлеков, Орал ауылшаруашылық тәжірибе стансысының бөлім меңгерушісі:
- Жоңышқа, сосын эспарцет, сосын түйе жоңышқа. Біздер тәжірибе бойынша шөпке арналған егісті араластырып егеміз. Араластырып еккенде шөптің құнарлылығын көтереміз. Сосын өнімділігі жоғары. Сосын тағы бір шөп, ол жайылысқа арналған. Орысша «волосец», қазақшасы «тарлан» деп естідім.
Бәйтерек ауданы Сұлукөл ауылында өткен кезекті семинарда жергілікті ғалымдар өз ізденістерімен бөлісті. Олар Орал өңіріне түрлі тың дақылдарды әкеліп жерсіндіріп көрген екен. Нәтиже жаман емес. Биіктігі адам бойынан асатын мына өсімдіктер соның дәлелі.
Берік Жумин, агроном:
- Сорго – дәнге шығаратын, жемін алатын астықты бағытта, сосын шөпке шабатын және силосқа арналған 3 бағыттағы дақыл. Ыстыққа төзімді және өнімділігі өте жоғары. 3-4 есе жоғары бидайға қарағанда. Біздің тәжірибе бойынша Жымпиты ауылында, Қаратөбе ауданында өсіріліп жатыр және Бөкей Ордасы ауданы Темір Масин ауылында.
Болашақтың дақылы ретінде ғалымдар батысқазақстандық шаруаларға сорго, яғни қонақжүгеріні өсіруді ұсынады. Мәселен, мына біз арасында тұрған дақыл сорго мен судан шөбінің гибриді саналады. Ол таза мал азығына арналған. Одан басқа да соргоның бірнеше түрі бар. Жалпы әлемде тұтыну жөнінен сорго төртінші орында, бидай, күріш, жүгеріден кейін.
Соргодан сүрлем жасауға да, көктей орып жинап қоюға да, дәнін алуға да болады. Алайда қуаңшылық пен киіктен зардап шегіп отырған оңтүстік аудандарда мал азығы дақылдарын егуді қолға алғандар некен-саяқ. Көпшілігі қызыға қарағанмен, тәуекел етуге бірінің техникасы, бірінің білімі жете бермейді. «Осы орайда Мемлекет басшысының әр ауданда түрлі дақылдарды егуді үйрететін орталық ашу жөніндегі тапсырмасы орынды», – дейді шаруалар.
Бауыржан Сабанов, Жәнібек ауданының тұрғыны:
- Қазіргі жағдайда мал азығын дайындап, өсіре бастауымыз керек. Неге десеңіз, топырақ тозып жатыр. Шөп жоқ. Халық жалпы қырлық шөпке сенеді де, қырлық шөптің ішінде де құнары болмай қалады шапқан кезде. Мына жерде мынандай шөптерді көрсетіп жатыр. Біздің жақта егуге бола ма, болмай ма деп сұрақтармен келіп жатырмыз.
Базарбай Боранбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Далалық шөп пен екпе шөптің айырмашылығы 10 есе болып тұр. Себебі далалық шөптен 1,5 центнер алып тұрсақ, екпе шөптен жоқ дегенде 15, биылғы қорытынды бойынша 20 центнерден алып тұрмыз. Екінің бірі еге алмайды. Сол себептен Үкіметтен көмек-қолдау ретінде сұрайтынымыз, әр ауданға, әсіресе оңтүстік аудандарға техникалық жабдықтармен қамтамасыз етсе.
Биыл өңірде егістің жалпы аумағы 460 мың гектарды құраса, соның 26 мыңына біржылдық, 16 мың гектарына көпжылдық шөп егіліпті. Келешекте шаруалар жаппай екпе шөптер мен малазықтық дақылдар өсіру үшін мемлекет көмегінің керек екені даусыз.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.