Халықаралық ірі жобаларға айрықша көңіл бөлінеді
Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құруға кірісті.
Бүгінде ірі 17 жобаның тізімі жасақталды. Бұл жобалар инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылады. Енді осы жобалардың ел экономикасына әсері қандай болмақ?
Әрине бұл жобалардың әсерін халық сезінуге тиіс. Себебі 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Президент жолдауда инвестициялық ахуалға ерекше көңіл бөлді. Бизнес климатты жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеуді тапсырды. Бұл тұрғыдан келгенде, кейбір әкімдер мен министрлер салғырттық танытып отырғанын айтып, олардың жұмысын сынға алды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобалардың сапасына барынша мән беруді міндеттеді. Мемлекет басшысының айтуынша, әсіресе халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Бұл қадам еліміздің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.
Экспорт ₸6 трлн ұлғайып, импорт ₸1,5 трлн кемиді
Президент халықаралық қаржы ұйымдары қатысатын ауқымды жобалар тізімін жасауды тапсырды. Бүгінде Үкімет 17 ірі жобаның тізбесін бекітті. Инвестиция көлемі 15 трлн теңгеден асады. Бұл жобалардың арқасында болат өндірісі 6 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Мұнай өңдеу көлемі 24 млн тоннаға өседі. Тыңайтқыш нарығындағы импортты алмастыруға жол ашылады. Яғни жылына 6 млн тонна калий тыңайтқышы шығарылмақ. Сонымен қатар автокөлік өнеркәсібінің қуаты артады. Осы орайда Үкімет инвесторларды қолдау шараларын нақтылады.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Инвестицияларды тарту бойынша экожүйені жетілдіру мақсатында «инвестор жолдарын» регламенттеу, сондай-ақ осы процесте барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде шетелдердегі мекемелер, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар рөлін айқындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инвесторларды іздеуден бастап жобаларды аяқтауға дейін, оның ішіне бюрократиялық кедергілерден өту және квазимемлекеттік сектор тарапынан жәрдемдесуді қоса алғанда, инвестициялық циклды толық сүйемелдеу қамтамасыз етілетін болады. Инвестициялық штабпен ұқсастық бойынша әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылатын болады.
Бұл жобалардың әлеуметтік ортаға ықпалы да айқын сезілуге тиіс. Себебі 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Ал экспорт көлемі 6 трлн теңгеден аспақ. Және құны 1,5 трлн теңге болатын импорттың орнын отандық тауар басады.
Валюта бағамы
Сөз соңында валюта бағамы туралы. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллар сәл арзандады. Бүгінгі құны – 482 теңге 94 тиын. Еуро қымбаттап, 535 теңге 97 тиынға бағаланды. Қытай юанінің құны 68 теңгеден асты. Яғни 68 теңге 6 тиын. Ал Ресей рублі сәл арзандап, 5 теңге 35 тиын сомасында тұрақтады.