Елдегі әрбір бесінші адам әлеуметтік көмек алады
Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдауға шараларына ерекше тоқталды, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев саланы қаржыландыру көлемі жыл санап артып келе жатқанын айтты. Мәселен, биылдан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдер беріліп жатыр. Сондай-ақ жыл басынан бері «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 млн баланың есепшотына 300 млрд-тан астам теңге аударылған. Сол секілді әлеуеті төмен әлеуметті қолдау мақсатында бағытталған мемлекет мезіреті жетерлік. Осы тұста арна тілшісі Шернияз Жалғасбекұлын сөзге тартқым келеді.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Шернияз, биылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажеттігін баса айтты. «Кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деді. Сондай-ақ жағдайы жақсы бола тұра, көмек алатын адамдардың бар екенін де айтты.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Президент бұған қоса, келесі жылдан бастап әлеуметтік әмиян жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік көмек тағайындауда азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын сөз етті. Бұл тұста сала мамандары енді тұлғаның табысымен қатар шығысын да есептеуге ниетті. Дегенмен, бұл іс әлі де ілгерілетуді талап етеді. Өзгеде өзгерістер туралы қазір тарқатып айтамын.
Биыл әлеуметтің әлеуетін жақсарту мақсатында ел қазынасынан 14,5 трлн теңге бөлінген. Бұл дегеніңіз, мемлекет бюджетінің 60%-і осы салаға жұмсалады деген сөз. Яғни, қолдауды қажет ететін қарашаның қарасы қалың. Мәселен, елдегі әрбір бесінші адам әлеуметтік көмек алады. Бас-аяғы 4,5 млн қазақстандық мемлекеттен жәрдем алып келген. Бұл туралы жыл басында Президент айтқан еді. Дегенмен, ел Президенті мұндағы бұқараның барлығы бірдей қолдауға мұқтаж еместігін, тұрақты табысы бар тұрғындар да мемлекет мезіретіне қол созып отырғанын айтқан еді. Сол сәтте Үкімет көмек көрсету арқылы қоғамда масылдық көзқарас қалыптастырғанын сөз етті. Жай айтып қоймады, саланы цифрландырып, шынымен зәру халыққа ғана әлеуметтік көмек тағайындауды тапсырды. Енді жауаптылар түйткілдің түйнін тарқатуға міндетті
Әлеуметтік төлем алатын отбасылар да көбейіп келеді. Мәселен, елде 5 млн-нан аса жанұя болса, оның 3,5 миллионға жуығына мемлекеттік міндетті көмек беріледі. Оларды қолдау мақсатында ел қазынасынан 1 тлрн 660 млдр теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 20%-ке көп. Апта басында өткен баспасөз жиынында Әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Гүлмира Жәкенқызы осылай деді.
1 трлн 660 млрд теңге әлеуметтік төлем беріледі
2023 жылы – 2,6 млн жанұя
2024 жылы – 3,4 млн отбасы
Гүлмира Жәкенқызы, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының басшысы:
- Қазіргі уақытта Қазақстанда балалары бар отбасыларға республикалық бюджеттен жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төлемдердің 2 түрі төленеді.Мәселен, республикалық бюджеттен бала тууға біржолғы жәрдемақы, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы, 4 және одан да көп, бірге тұратын, кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамға берілетін жәрдемақы.
Әлем елдеріндегі әлеуметтік әмиян
Келер жылдан бастап әлеуметтік әмиян жобасы қарқын алады. Президент Үкіметке пәрмен берді. Сарапшылар «бұл жүйе салаға серіпіліс береді» дейді. Себебі бұл өзге мемлекеттерде де бар, уақыт сынынан өткен жоба. Мәселен, Сингапурда әлеуметтік әмиян мемлекеттік қызмет түрлерінің барлығын біріктіретін мобильді қосымша ретінде қолданылады. Сервис 2021 жылдың аяғында іске қосылған. Бір жыл болмай жатып, ол арқылы 41 миллион долларға жуық аударым жасалған. Жылдан жылға сервис қанат жайып келеді. Осылай жалғаса берсе, 2027 жылға дейін Сингапурдағы онлайн операциялардың жартысынан астамы осы қосымша арқылы жасалады деген болжам бар. Былтырдың өзінде Азия-Тынық мұхиты аймағында бұл көрсеткіш 70%-ке жуықтаған.
2021 жылдан бері Сингапурда әлеуметтік әмиян жұмыс істейді
Бір жылда – 41 млн доллар
2027 жылы – 50% онлайн операция
Үндістандықтар да әлеуметтік әмиянның игілігін көріп отыр. Мәселен, мұнда 3 жыл бұрын «Цифрлық Үндістан» бағдарламасы аясында атаулы жоба іске қосылған. Қосымшаның әсіресе, шалғай аймақтардағы тұрғындарға көп көмегі тиіп жүр. Ресейде де «Цифрлық рубль» пилоттық жобасын іске асыру жұмыстары жүріп жатыр. Келешекте тұрғындар оны әлеуметтік төлемдерін жарату үшін қолдана алады. Мемлекеттік сатып алу үшін де пайдалану көзделіп отыр. «Сонда бюджеттен бөлінген ақшаның белгілі бір мақсатқа жұмсалуын қадағалап отыру жеңілдей түседі», - дейді билік өкілдері.
Ал біздегі әлеуметтік әмиянның тиімдігін уақыт көрсетеді. Жауаптылар тыңнан түрен салуға міндетті.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Шернияз, әлеуметтік әмиянның қызметін айта кетсек. Бұл жүйе салаға қандай оң өзгеріс әкелуі мүмкін?
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Ерекше айта кету керек, әлеуметтік көмек алу үшін алаяқтық жасап, жалған құжат рәсімдегендер бар. Мемлекет мезіретін ретсіз жұмсау да күн тәртібінде тұр. Осы секілді түйткілдердің түйінін тарқатуға мүмкіндік беретін секілді.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Иә, оңай олжаға ауызданған пысықайлар әлеуметтік көмек беру ісінен де айналып өтпеді. Мәселен, шымкенткенттік бір топ тұрғын мемлекеттік қолдауға қолжеткізу үшін алаяқтыққа басқан.