Маңғыстауда кәсіпкерлерге «Mangystau business» жобасы әзірленіп жатыр
Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Mangystau business» пилоттық жоба жасалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Өңірлік бағдарлама аясында тұрғындар 1% үстемемен несие рәсімдей алады. Негізгі басымдық тың кәсіп ашқысы келетіндердің жобасына беріледі. Жалпы облыста 77 мың кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Іскер азаматтар мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі саласында табыс тауып отыр.
«Mangystau business» – бизнес саласының дамуына тың серпін бермек. Мамандар пилоттық жобаны жылдың соңына дейін көпшілікке таныстырмақ ойда. Қазір бағдарлама ережесі жасақталып жатыр. Аймақта 2018 жылы осыған ұқсас жоба сәтті жүзеге асты. 2020 жылға дейін 200-дей кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 8,5%-бен 30 млн теңгеге дейін несие алды. Оның 7,5%-ін мемлекет субсидиялады. Нәтижесінде өңірде өңдеу өнеркәсібі дамыды. Мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Пікір Сансызбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұрын бізде біле білсеңіздер, өңірлік бір пайыздық бағдарлама болды «Нұр-Капитал» деген. Ол бағдарлама пилоттық болып екі облыста ғана іске асырылған болатын. Қазіргі таңда осы жобаны қайта жандандыру бағытында жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ережені келісу, жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін жоспарымыз бар.
Бауыржан Төлебаев бұған дейінгі пилоттық жоба шапағатын көргенін айтады. 30 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, 40 бас сиыр мен жылқы сатып алған. Бүгінде мал етін төмен бағамен нарыққа шығарып, үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Ірі қара бордақыланатын ғимарат салды. Енді ол жаңа бағдарламаға қатысып, кәсібін дамытуға ниетті.
Бауыржан Төлебаев, кәсіпкер:
- Бізде енді қыста тасымал қиын болады ғой. Соған қазір бір жем жинайтын бір қойма болса. Алдын ала барлығын жинап алсақ, ол дейтініміз, алдағы уақытта қыста еттің бағасы көтеріледі ғой. Ал егерде біз күзде осы малдың барлығын алып, жем-шөбін алып қойсақ, бізде баға тұрақты болады. Қыстың күні де осы бағамен сата береміз.
Құралай Ақжігітова – аймақта бөдене шаруашылығын жолға қойған іскер тұрғынның бірі. Басқұдық ауылында шағын ғимаратта он мың құс бағып отыр. Еті мен жұмыртқасын саудалап, табыс көзін тапқан. Биыл Қытайға барып, ондағы нарықта бөденеге сұраныс жоғары екенін көріпті. Бизнес-жоспар түзіп, пилоттық жобаға қатысуды ұйғарған.
Құралай Ақжігітова, кәсіпкер:
- Қытайға мысалы тауықтардың аяғын өткізу мүмкіндігіміз бар. Қытай елі үлкен болғандықтан, біздің қазір шығарып жатқанымыз аз болды. Қазіргі отыз мың басқа арналып дайындық болса, оған 100 мың бастан жоғары аяқтарын өткізуге болады. Бизнес жоспарым бар. Слайд, жобаның барлығын дайындап жатырмын.
Қазір Маңғыстауда 77 мың шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істеп тұр. Бизнес ортаны қолдау мақсатында биыл мемлекеттен 15,5 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері 1019 кәсіпкерлік жоба қаржыландырылып, 300-ден астам жұмыс орны құрылды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев