Павлодар облысында ауыл инфрақұрылымын дамытуға ₸129 млн бөлінді
Екібастұзға қарасты ауыл-аймақтардың инфрақұрылымы жаңарып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл Басқамыс – Ақкөл – ГРЭС-1 бағыты бойынша 41 шақырым жолға асфальт төселеді. Ауылға кіреберіс жолдар да жөнделіп жатыр. Ал мыңнан астам тұрғыны бар Ақкөл ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірнеше жоба жүзеге асты.
Екібастұздан 80 шақырым қашықтағы Ақкөл ауылдық округіне 3 елді мекен кіреді. Олардың тұрғындары 90 жыл бойы жол азабын көріп келді. Қалаға қысы-жазы грейдермен қатынап жүрді.
Ерлан Қабылтаев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі:
- Мектеп салынып жатыр, жаңадан парк салынып жатыр. Жол салынып жатыр. Оның ішінде былтырдан бері 2 жыл болды, ауызсу бағдарламасы бойынша әр ауылда қазір орталықтандырылған су құбыры жұмыс істеп тұр.
Қазір Зеленая Роща ауылының кіреберісіне асфальт төселіп жатыр. Мердігер: «Құрылыс жұмыстарын бірнеше күнде аяқтаймыз», – дейді. Техника мен жұмыс күші жеткілікті.
Нұрлан Ширяев, мердігер компания өкілі:
- Аудандық маңызы бар жолды жөндеп жатырмыз. Зеленая Роща ауылына кіреберіс жолдың ұзындығы 2 шақырымнан асады. Суық асфальтбетон қоспасын қолданамыз.
Елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 129 миллион теңге бөлінді. Жол, жарық пен су құбырынан бөлек, бірнеше үйдің құрылысы аяқталды. Туған ауылын көркейтуде іскер азаматтар да қарап қалған жоқ. Мысалы, Зеленая Роща ауылындағы мектептің спортзалы, бастауыш сыныпқа арналған қосалқы ғимарат пен саябақ демеушілердің қаражатына салынды. Спорт ардагері Ғабит Арынбеков енді ауылымызға спорттық-сауықтыру кешені керек деген мәселе көтерді.
Ғабит Арынбеков, Ақкөл ауылының тұрғыны:
- Мына елде жастар көп. Мына ФОК деген, спорттық-сауықтыру кешені – керек дүние. Ел болғасын бала-шаға бар деген сияқты. Сол бала-шаға не істейді? Мына елдің балалары өте мықты болады. Олимпиада чемпионы, Үшкемпіровтер – сол елден шыққан балалар. Міне, қазір Сметов те. Сол балалар осындай елден шығады.
Бұл өңірді жұрт Ақкөл-Жайылма деп атайды. Ауылдық округте мыңнан астам адам тұрады. Елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, кезінде қала жағалап кеткендер туған ауылына орала бастаған. Жергілікті тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда 60-тан аса шаруа қожалығы бар. Алақандай ауылда 8 мыңдай жылқы, 12 мыңнан аса қара мал тіркелген. Қой мен ешкінің де өсімі бар.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.