Елдегі тыңайтқыш нарығы қалай дамып жатыр?

Елімізде био тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары өндіріледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Нидерландылық әріптестерімен кездесу барысында тиісті уағдаластыққа қол жеткізді.

Иә, нидерландылық компания келесі жылдың басында іске кіріспек. Бұл жоба Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиялық тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға сеп болады.

Жалпы елдегі тыңайтқыш нарығы қалай дамып жатыр? Шаруаларымызға өнім жеткілікті ме?

Көктемде тыңайтқыш жеткілікті болды

Биылғы жоспарға сай, шаруаларға бір жарым млн тонна тыңайтқыш қажет. Әзірге 1,2 млн-ы жеткізілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен біршама артық. Ауыл шаруашылығы министрлігі әсіресе көктемгі дала жұмыстарында тапшылық болмағанына сендірді. Жалпы елде 20 шақты минералды тыңайтқыш өндіруші бар. Үлкен нарыққа қызмет ететін қос кәсіпорын азот және фосфорлы түрлерін өндіреді. Десе де, шаруалардың жиі тұтынатыны аммиак селитрасы мен аммофос тыңайтқыштары.

Тыңайтқыш өндірісінде шикізат тапшы

Ұлттық статистика бюросы былтыр ауыл шаруашылығына 70,5 мың тонна азотты тыңайтқыш енгізілгенін хабарлады. Бұл жалпы көрсеткіштің 60%-ы. Дегенмен, өндіріс кенжелеп тұр. Себебі, шикізат тапшы. Біздегі газдың 70 пайызы экспортқа кетеді. Әйтсе де, биыл мұнай-газ химия бизнесінің өкілдері карбамид өндіру жобасын қолға алмақшы. Бұл жоғарыда айтылған нидерландылық кәсіпорын емес, отандық жоба. Бұл іске ғалымдарымызды да тартып отыр. Ғылыми зерттеулер мен оның нәтижелері келешек зауыттың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Маркетингтік зерттеулер нәтижесінде азотты тыңайтқышты қолдану арқылы өнімділікті 20-30 пайызға дейін арттыруға болатыны анықталды. Зауыттың өзі алдағы бес жылда пайдалануға берілуі мүмкін.

Диаз Диянов, Мұнай-газ химиясы жөніндегі компания өкілі:
- Бұл зауытта шикізат ретінде газ қолданылады. Яғни нысанды Ақтөбе облысындағы газ өндірісі орналасқан аумаққа жақын жерден саламыз. Инвестиция 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде болады. Әзірге серіктесіміздің кім болатыны белгісіз. Сәтін салса, 1 жылда 1 млн 250 мың тонна азотты тыңайтқыш шығаруға ниеттіміз. Ішкі нарықтан артылғанын экспорттаймыз.

Азотты тыңайтқыш тиімді ме?

Ал отандық ғалымдар жаһандық жылынудың топыраққа әсерін зерттеп жатыр. Бір ғана тыңайтқыш түрін қолдана беру өнімділікке кереғар келуі мүмкін. Иә, дұрыс таңдалған өнім егіс шығымын 25-35%-ға дейін арттырады. Сол себепті, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының ғылыми орталық жетекшісі Жанна Алманова тыңайтқыштарды уақыт сұранысына бейімдеп, оңтайландыру қажет дейді. Қазір ғалымдар азотты тыңайтқышты көбірек қолданудың тиімділігін зерделеп жатыр. Былтыр әлемде оның 213 млн тоннасы қолданылған. Бұл жаһандық нарықтың 46 пайызын қамтиды.

Жанна Алманова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми орталық жетекшісі:
-
Климаттың өзгеруіне байланысты дақылдар да құбыла бастады. Тыңайтқыштарға әртүрлі жауап береді. Себебі топырақ құрамы өзгерген. Экология да бір орында тұрған жоқ. Сондықтан агроэкологиялық ахуалды толық зерделеу маңызды. Қазір біз карбамидті, яғни азотты тыңайтқышты сынақтан өткізетін бірнеше шаруашылықты таңдап алмақпыз. Олардың әртүрлі климаттық аумақта орналасқаны абзал. Кейін диқандарға оны қалай дұрыс пайдалану керектігін үйрету қажет.

Отандық тыңайтқышты қолданушылар көбейді

Әзірге отандық кәсіпорындар ішкі сұранысты толық қамтып отырған жоқ. Олар 130 мың тоннадайын өндіреді екен. Демек, қалғанын сырттан әкелеміз. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тыңайтқыштардың бағасын 60%-ға дейін арзандатуға мүмкіндік беретін бюджеттік бағдарламаны іске асырып жатыр.

Наурыз айынан бастап аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Ол арқылы көмек ақы өндірушілердің арнайы шоттарына алдын ала аударылады. Осылайша, шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштарды жеткізуге мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде, отандық өнімді қолдану көрсеткіші 1,7 есе артты.